Қызылордадағы Қосшыңырау ауылдық округі қарқынды дамып келеді
Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан Қосшыңырау ауылдық округінің 72 жылдық тарихы бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарты ғасырдан астам уақыт тарихтың талай сан тараулы жолын көрген ауыл халқы еңбекпен есейген. Ауыл көрінісіне тән таңның атысы кештің батысы тыным таппай, егін, мал шаруашылығымен айналысатын мұндағы жұртшылықтың берекесі де еңбекпен кіруде. Бүгінде мұнда үш мыңнан астам халық қоныстанған. Оның ішінде екі мыңға жуығы экономикалық белсенді адамдар қатарында. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 586 адам болса, 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жұмыссыздар саны 30 адамды құрайды.
Ауылдық округтің өркендеу жолы оның бюджетімен тікелей байланысты. Бұл ретте ауыл әкімі Сейдуали Әбдіқадыров өткен жыл басында бектілген ауылдың бюджет қаржысы 179,8 миллион теңге болса, биыл бұл қаржы көлемі қалалық мәслихаттың шешімімен 2,5 есеге артып, яғни, 449,5 миллион теңгеге жеткенін айтады. Ал округтегі салық түсімдері былтыр 6 миллион 751 мың теңгеге жоспарланып, жыл аяғында 9 миллион 768 мың теңгеге жетіп тапсырма 111,8 процентке орындалған екен.
Мемлекеттік бағдарлама игілігін көріп, мүмкіндікті тиімді пайдалан білгендердің қатарында абайлықтар да бар. Былтыр ауылда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында халықты жұмыспен қамтуғажәрдемдесу шаралары арқылы 5 адам жастар тәжірибесімен, 51 адам ақылы қоғамдық жұмысқатартылса, екі адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға тартылған.
Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай ауылында егістік, жайылымдық жер жетерлік. Еңбекқор абайлықтар үшін бұдан артық ештеңе керек емес. Себебі, бұл ауыл қашанда ауыл шаруашылығымен аты шыққан. Арғы тарихқа үңілсек, егін шаруашылығында жоғарғы көрсеткішке жеткен диқандар, механизаторлар баршылық. Олардың қатарында 10000 центнер астық бастырып екі мәрте одақтық көрменің жеңіл көлігін жеңіп алған Әлайдар Ысқақовты ерекше атауға болады. Темірбек Әбуов, Төрехан Төлегенов, Айдар Омаров, Қарымсақ Батырбеков, Якуда Ысқақов, Бақытбек Шайкемелов, Жайман Пірмағамбетов, Қабылда Бимекенов секілді механизаторлар ел ырысына үлес қосқан азаматтар. Осы ауылдан түлеп ұшқан облыстық дәрежедегі қайраткер Жүсіп Бисариев, Еңбек Ері Оразбай Әбішов, министрлер Мүсілім Базарбаев, Ибрагим Еділбаев, ғалымдар Ә. Жаманқұлов, Тотай Тұрлығұлов, белгілі диқан, ауыл шаруашылығының білікті қайраткері Досан Елеусіновтерді өмірге әкелген қасиетті мекен. Мұны берекелі ауыл халқы үнемі мақтанышпен айтады.
Осындай еңбеккер, қай сала да болсын жетістігі мол ауыл мақтануға тұрарлық. Абай ауылы рухани дамып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық ахуалын да жыл сайын арттырып отыр. Былтыр ауыл жұртшылығының көптен күткен қуанышты сәті туған. Ол Қосшыңырау ауылдық округіне көгілдір отынның келуі болатын. Ауылдық округтегі екі елдімекенді газдандыру жобасының құны 663 миллион теңгені құраған. Алдағы уақытта округте медициналық бекеттің құрылысы аяқталмақ. Қазіргі таңда құқықтық құжаттары әзірленуде. Бұл жобаның құны – 138,6 миллион теңге болған.
Бұл ретте ауыл әкімі өткен жылы ауылда біршама ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
Ауылда кәсіпкерлік өркен жайып келеді. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың тигізген септігі мол. Мәселен, қазіргі таңда бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде округте 227 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді екен. Өткен жылы 35 кәсіпкерлік субъект тіркеліп, 35 жаңа жұмыс орындары ашылған. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен 17 миллион теңге қаржыны құрайтын 32 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында жалпы құны 19 миллион 660 мың теңгені құрайтын 12 жоба мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 17 миллион теңгені құрайтын құс етін өндіру және пенаблок шығару жобалары қаржыландырылған. Бұдан бөлек ауылда 63 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Ауыл халқының әлеуметтік ахуалына келер болсақ, мұнда былтыр аз қамтылған 81 отбасыға 48 миллион 48,2 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік өкмек тағайындалыпты. Сондай-ақ тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде алғашқы медициналық көмек беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешім тапқан.
Дамуға бағыт алған ауылдың көрінісі осындай. Алдағы уақытта да ауылды көркету жолында атқарылар жұмыстар да жетерлік. Оған байланысты жұмыс жоспраы бекітілген. Бәрі де өз уақытымен кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.
Еңбекқор ауыл тұрғындары ауылдың экономикалық ахуалын арттыруда тек мемлекет көмегіне сүйенбей өз беттерінше де тірлік қылуда. Мәселен, құрылыс ісінде сапалы іргетас қалаушы бригада осы ауылдан шыққан. Олардың қолынан шыққан үйлердің іргетасы мықты екендігін айтып, ел сүйсінуде. Алғашында кәсіпті ауылда бастаған епті азаматтар бүгінде қала, аудан, ауылдардағы елдің сұранысына ие болуда. Көктем шыға тапсырыс көбейе түседі екен. Шынында, бұл адамды шынықтыратын нағыз еңбек. Мұндайда шыдамдылық пен төзімділік керек. Ал бұл жігіттер өте қайратты. Отбасыларын адал еңбектің нанымен асырап отыр.
– 2015 жылы ауылымыздын баласы Абзал бетон құюды үйреніп келген еді. Біз содан үйрендік. Мемлекеттен ешқандай көмек алған жоқпыз. Көктемде малымызды сатып, жетпегенін несие алып бастадық. Ауылда көптеген үйдің іргетасын қаладық. Қазір барлық аудан, қала бойынша жұмыс істейміз. Тапсырыс алсақ, кез келген ауылға барамыз. Бір топ жігіт қазір Қармақшы, Шиелі, Жанақорғанда жүр. Сапалы, тиянақты жұмыс істегендіктен тұтынушыларымыз да көп. Қарамағымда 4 бригада бар. Аптасына 15 үйдің іргетасын қалаймыз. Еңбекақымызды үйдің көлеміне қарай аламыз.
Күн жылығаннан бастап үйдің іргетасын қалауға кірісеміз. Қазір қалада да, аудан мен ауылдарда құрылыс көп салынуда. Зәулім үйлердің іргесін берік, сапалы етіп тұрғызуға күш жұмсаймыз. Үйдің негізгі бөлігі мықты болса, баспана да ұзақ уақытқа шыдас береді. Күннің ыстық-суығына қарамай, ала жаздай құрылыс басында жүреміз. Өз еңбегіңмен тапқан табысқа не жетсін? «Еңбектің наны тәтті» деген бар ғой, – бетон құюшылар бригадирі Ерболат Усаев пен ауыл тұрғыны Жәнібек Әбдірәсіл.
Сондай-ақ, ауыл азаматы Марат Омаров болса бір топ ауылдастарымен газ құбырын тартудың қыр-сырын үйреніп, сол кәсіпке маманданыпты. Оларға сұраныс тек ауыл іші емес өзге өңірлерден де түседі екен.
– Бұл кәсіпті 2021 жылы бастадым. Сарыарқа газ құбыры жүйесі тартылды ғой. 2021 жылы Жезқазған қаласына бірінші газ барды. Сол кезде осы өз ауылымыздың жігіттерін ұйымдастырдым. Арасында монтаждаушы, дәнекерлеуші бар «Асыл сервис» ЖШС мекемесін ашып, Жезқазған қаласына барып жұмыс істеп, 70 үйге «көгілдір отын» кіргіздік. Ол жерде де таныла бастадық. Сол өңірдегі «Қазгазтранс» аймағымен келісімшартқа отырып, былтыр 200-ге жуық үйге газ тарттық. Әлі де біздің жігіттер сол жақта жұмыс істеуде. Жазда 4 бригадаға дейін көбейеміз. Қазір бригадада 6-7 адам болса, жазғы уақытта 10 адамға дейін жұмысқа тартамыз. Керек-жарақ заттарын, пешін тұрғындар өздері сатып алады. Біз тек монтаждап, үйге құбыр тартып, пешін қосып береміз, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Қызылорда қаласының ауылшаруашылығы саласында Қосшыңырау ауылдық округінің де алар орны ерекше. Егін шаруашылығына қолайлы елдімекенде былтыр 1634 гектар аумаққа күріш, 854 гектарға жаңа жоңышқа, 14 гектарға бидай егіліпті. Ал 1634 гектарға егілген күріштен 50 центнерден 8170 тонна өнім алынған. Жалпы ауылда егін шаруашылығымен айналысатын 29 шаруа қожалығы бар. Ал ауылдағы мал басы саны 15 318 құрайды.
Биыл ауылдық округтің электр желілерін жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл жоба бойынша құрылыс жұмыстары жақында бастау алмақ. Ал жобға жұмсалатын қаржы көлемі 428 миллион теңгені құрап отыр.
Берекелі ауылдың толымды тірлігі осылай көрініс табуда. Мұның бәрі әрине, ауыл жұртының маңдай тері мен адал еңбегінің нәтижесі.