Жылқышы Жанат

1 504

«Үнемі түсімде жүйрік атқа мініп, шауып жүретінмін. Сол түс маған қанат бітірді ме, әлде нағашы жұртымның малсақтығы маған дарыды ма, есейе келе жас төлдерге қарап қызығатынмын. Олардың ойнақтап жүгіргеніне, желе жортып шапқанына сүйсіне қарап, мен де қорамды малға толтырсам деп армандайтынмын. Оның үстіне нағашы атамның қорасы төрт түлікке толы болатын. Басқа балалардай емес менің жаным соларға жақын еді. Жемін беріп, суын құйып, атам мал жайлағанда ізінде жүретінмін. Тезектің иісінен жиренбей, мал қораға жиі баратынмын. Жақсы көргеніңді төл де біледі. Мен барсам олар мөңіреп, маңырап қашпай жаныма жақындай беретін. Меніңше, табиғатынан малға жақын адам болады. Мен де сондаймын» деп біздің кейіпкеріміз Талсуат тұрғыны, жеке кәсіп иесі Жанат Тоқмейілова ашық-жарқын әңгімесімен бізді баурап алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Жүзі жадыраған жайсаң жылқышы қызбен әңгімеміз жараса кетті. Нәзікжанды талдырмаш келген замандасымыз біз тінін тартқан сауалымызға іркілмей жауап берді.


«Халқымыздың ерекше қастерлеп және жанына жақын көрген төрт түлігінің ішіндегі пір тұтқаны – жылқы малы. Халқымызда «қазақ, дала, жылқы» деген сөздер бір-біріне жақын тамырлас та, тағдырлас.


Мен 1975 жылы қазіргі Ұлытау облысының Қаныш Сәтбаев қаласында дүниеге келдім. 1980 жылы отбасымызбен Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылына қоныс аудардық. 1982-1990 жылдары қаладағы №9 орта мектепте білім алдым. 1990-1993 жылдары қаладағы совхоз техникумда есепші-экономист мамандығын алдым. 1993- 1998 жылдары Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде «Есеп және аудит» мамандығын алдым. 2000-2012 жылдары құрылыс компаниясында басшылық қызметте болдым.


Сол жылдары отбасын асырау, аяққа тұрғызу үшін жеке кәсіпкерлікті бастау керектігін білдім. «Кәсіпкер болсам немен айналысамын, қалай бастаймын?» деген сауал мазалай берді. Ойлана келе пайда туралы алғашқы жылдары ойламай, бел шеше тырбанып, еңбек ету керектігін білдім.


Осылайша 2012 жылдан бастап «Нұрай» жеке кәсібін құрып, мал шаруашылығымен айналыстым. 2022 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алып, 12 бас жылқы алдым.


2023 жылы желтоқсанда «Байқоңыр» әлеу­­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы» акцио­­нерлік қоғамы арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 7 млн теңге несие алдым. Қазір шаруашылықта 100 бас жылқы, 50-ден аса ірі қара бар. Шаруашылығымыз 700 шаршы метр аумақты алып жатыр» дейді кәсіпкер.


Осы кәсіппен айналысқан жылдары ол жылқы түлігінің қасиеті ұшан теңіз екенін ұғына түскен. Өз кәсібіне шынайы беріліп, тірлік қылса көсегесі көгеріп, ісі оңға басатынына көзі жетті. Шындығында жылқы мінсең көлік, жесең тамақ, ішсең сусын, кисең киім. Жылқының еті де, сүті де дәрі. «Жылқы – жаным, қымыз-қымыраным» деген атам қазақ. Тарихтан белгілі, кей жағдайда аттан құлаған адам аман қалады екен. Тіпті еш жері жарақаттанбаған да кезі болған. Қазақта «Есек тұяғын төсейді, түйе шудасын төсейді, өгіз мүйізін, ат жалын төсейді» деген тәмсіл бар. Бұл тұлпарға тән тазалықтың белгісі. «Жылқының сүті – шекер, еті – бал, исі жұпар, терісі киім, мінсең тұлпар» деп Досбол шешен жылқының халық өміріндегі алатын орнын өте жоғары бағалаған.


Киелі жылқы малын өсіріп, қорасын малға толтырып отырған Жанат жылқының қасиетін де бес саусақтай білетін болып шықты. Ер мінезді қайсар жан ауылдағы үш азаматты жұмыспен қамтып отыр. Әйел затының табиғатына күрделі мал шаруашылығымен айналысу өте қиын. Айына жем-шөптің өзіне миллион теңге ақша керек екен. Шаруашылық ет өндірумен бірге қымыз баптаумен де айналысады. Жақында Жанат Тоқмейілова біздің аймақ атынан Астанада өткен ауыл әйелдерінің форумына қатысып, тәжірибесін республикаға таратып келді. Өзі тұратын Талсуат ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп, түрлі шараға демеушілік көрсетіп, елдің батасын алып жүр. Бейнетінің рақатын көріп жылқыны асылдандырып отырған Жанаттың бұл кәсіппен айналысқанына да 10 жыл болыпты. Жоқ деп ешкімге алақан жаймай, маңдай терімен отбасын ғана асырап қоймай, атымтай жомарттықтың үлгісін көрсетіп, ауыл халқына да жәрдемдесіп отырған кәсіпкердің берекелі ісіне ел риза. Отбасында 3 қыз, 1 ұл, 4 немере тәрбиелеп, ошағының шамын маздатып отырған отанасы. Балаларының бәрі оқу озаты атанып, жоғарғы оқу орнын бітірген түрлі мамандық иелері. Нағашы атасынан қалған атакәсіпті жоғалтпай, аманатты мұратты іске айналдырып отырған кәсіп иесінің жұмысына береке тіледік.