Қызылордада балабақша бүлдіршіндері жертөледе ұйықтаған

1 624

Pixabay.comҚызылорда қаласының мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі былықтар арнайы тексеріс барысында әшкере болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қап-қараңғы бөлмеде ұйықтап жатқан балалар көрпелерін қымтап жамылған. Өйткені күн сәулесі түсе қоймайтын балабақшаның жертөлесі тастай суық. Оның үстіне балалар демалып жатқан жерде қираған мүліктердің шашылып жатқаны да анық көрінеді.


Бұдан бөлек қаладағы тағы бір жекеменшік балабақшаның иесі бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне алаңдамайтын сияқты. Өйткені, тәрбие ошағындағы дәл балалар ойнайтын алаңға қабаған итті байлаған. Ал ит тұрған тордың сетіней бастағаны байқалады.


Тағы бір бөбекжайдың ойын алаңы бүлдіршіндер үшін аса қауіпті. Ал, мектепке дейінгі білім беру мекемесінің қызметкері мұнда балаларды ойнатпаймыз деп ақталып отыр.


"Талапқа сай емес енді. Білемін оны. Жолатпаймыз бұл араға. Тек качелиясына ғана отырғызамыз", - дейді жекеменшік балабақшаның әдіскері Гүлжан Зейнолла.


Қаладағы жекеменшік тәрбие ошақтарында өзге де кемшіліктер жетіп артылады дейді тексеру жүргізген білім басқармасының мамандары. Тіпті кейбірінде балаларға берілетін тамақтардың мерзімі өтіп кеткені де анықталыпты.


"Кәріз құдығының беті кілеммен жабылған. Бұл бала үшін өте қауіпті. Тағы бір-екі балабақшада балаларды жертөледе ұйықтатқан. Сондай кемшіл тұстарымыз өте көп болып тұр қазір. Мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдаланған", - деді Қызылорда облыстық білім басқармасының ресми өкілі Әлия Қарабалина.


Айта кетейік, балақайларға жағдай жасай алмай отырған балабақшалардың барлығына мемлекеттен миллиондаған қаражат төленіп келеді. Ал білім басқармасының мамандары енді былығы көп жекеменшік бөбекжайларды қаржыландыруды уақытша тоқтатамыз деген шешімге келді.