Қызылордада «Өрт-2024» РКШОЖ практикалық кезеңі ұйымдастырылды

1 504

Өңірде «Өрт-2024» РКШОЖ өткізілуіне сәйкес Қызылорда қаласындағы «Эдельвейс» саяжайының маңында «Төтенше жағдайларды жою штабы» жасақталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Штаб отырысы кезінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Руслан Қайрақбаевқа азаматтық қорғау жүйелерінің қызметтерінің өкілдері оқу-жаттығудың практикалық кезеңіне қатысуға дайын екендіктерін баяндады.


Осыған орай оқу-жаттығудың практикалық кезеңі басталды.


Қызылорда қаласынан 7 шақырым қашықтықта, «Шіркейлі» каналының оң жақ жағалауында белгісіз азаматтың ашық отты пайдалану барысында тоғай алқаптарында өрт шығып, жақын орналасқан шаруа қожалықтарына, тұрғын үйлерге қауіп төнді. Өртті жақын орналасқан жеке шаруа қожалықтарының тұрғындары көріп, ол туралы «112» телефон нөміріне хабарлады. Оқиға орнына Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен 1 АЦ автокөлігі, 1 ХТЗ тракторы, 1 Уаз көлігімен 15 адам келіп, жағдайды нақтылады. Өрттің ауданы шамамен 2000 шаршы метр болуына орай, желдің күшеюіне байланысты орталықтан көмек сұрады. Өрт аумағында шаруа қожалықтарының жалдамалы екі малшысы жоғалып кеткендігі жөнінде хабарлаған.


"Жалпы оқу-жаттығу барысына 48 бірлік техника, 1 бірлік тікұшақ, 170 адам жұмылдырылды. Олар жауынгерлік қанат жаю ұйымдастырылып, өрт сөндірушілер өрт ошағын 2 «Б» оқпанымен сөндіруге кірісті. Ал 6 қызметкер соққыштармен (хлопушкалармен) өрт сөндіру жұмысын атқарды. Өрттің одан әрі таралуын болдырмау үшін трактордың соқасымен жерді жыртып, өртке қарсы минералды жолақтар жасады. Өзара іс-қимыл алгоритмдеріне сәйкес арнайы және шұғыл қызметтер оқиға орнына жолданды. №4 өрт сөндіру бөлімінің 2 АЦ техникасымен 12 қызметкер, Ақсуат ауылдық округі әкімшілігіне қарасты Ерікті өртке қарсы құрылымының 1 техникасымен 15 адам, №6 өрт сөндіру бөлімінің 2 негізгі өрт сөндіру автокөлігімен 12 қызметкер өрт сөндіру жұмысына жұмылдырылды", – Қызылорда облысы ТЖД бастығы Руслан Қайрақбаев.


Апаттар медицинасы орталығы филиалының көлігімен 1 зардап шегуші қауіпсіз аймаққа тасымалданып, «Қазәуеқұтқару» мекемесінің тікұшағы арқылы ауруханаға жедел жеткізілді.


Командалық-штабтық машинаның экипажына интернет байланысы орнатылып, Төтенше жағдайлар министрлігімен және Қызылорда облысы ТЖД-мен аудио-видеобайланыс орнатылып, ақпарат алмасу жұмысы ұйымдастырылды.


Оқу-жаттығуға жедел құтқару жасағының 1 техникасымен 2 кинологиялық есебі, 5 қызметкері қатысып, малшыны іздестіріп, тапты. Апаттар медицинасы орталығының филиалының қызметкерлері өрт сөндіру штабының жанына орналасқан медпункт ішінде зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетті.


Сонымен бірге азаматтық қорғау қызметтерінің күш-құралдары да ТЖ аймағына келіп, әрқайсысы өз міндеттерін атқарды. Осылайша арнайы топ өртті дер кезінде сөндірді.