Қызылордада білім ордалары үздік нәтиже көрсетуде

1 531

world-study.ua«Ұлттық Біріңғай тестілеу» (ҰБТ) – мектеп түлегінің үлкен өмірге бастайтын ең алғашқы кезең. Кез келген он бір жылдық білімді тәмамдаушы талапкер «ҰБТ» атты маңызды сынақтан өтеді. Бірі міндетті пәндерден озық болса, енді біреулер бейінді пәндерде алға шығады,  - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Қызылордалық мектеп бітіруші түлектер жыл сайын жоғары нәтиже көрсетіп, биыл да жоғары балл алған талапкерлер қатары көбеюде. Мәселен, Серғали Толыбеков атындағы 3 IT мектеп-лицейінің 11 сынып оқушылары бірінен бірі озып, тесттен үздік нәтиже көрсетуде. 


Ұлттық Біріңғай Тестілеуге алғашқылардың бірі болып кірген 3 мектеп-лицейдің оқушысы, жас талапкер Дулат Кенжебаев – 114 балл иеленген. Одан бөлек, өзге түлектері озық нәтиже көрсете білді. Атап айтсақ, Амина Мақсұт  – 124 балл, Нұрдәулет Жақсылық – 118 балл, Гүлзат Шәріпхан – 116 балл, Диас Мейрамбек – 116 балл, Қарақат Аппазова – 116 балл,   Әли Тұрәлі – 115 балл, Ақнұр Оңдасын – 114 балл, Евгений Тян – 112 балл, Гүлзина Нақып – 110 балл, Әлихан Қуанбай – 110 балл, Ғафур Шайхы – 106 балл, Ерасыл Ділдабек – 104 балл София Нағызхан – 102 балл, Темірлан Жұмабек – 102 балл, Максим Цой – 102 балл,  Айша Әбдікерова – 101 балл жинаған. 


Мектеп  түлектерінің сапалы білім алып, осындай жоғары нәтижеде оны ақтап шығуына мектептің қосқан үлесі зор. Бұл мектептің оқушылары тек қана біліммен шектелмей, түрлі үйірменің жұмысын жүргізіп отыр. Мәселен, 3 мектеп-лицейіндегі заманауи үйірмелер оқушылардың ақпараттық технологияларға деген қызығушылығын арттырып, түрлі бағдарламаларды, қосымшаларды өздері жасап үйренуіне мүмкіндік беріп отыр. 


Бұл үйірмеде оқушылар дайын мобилографика бағдарламасымен смартфон, планшет гаджеттерде фото өңдеуді үйренеді. Бейнеографикада «Windows Movie Maker», «Sony Vegas Pro» бағдарламаларымен жұмыс жасау арқылы бейнежазбаларды қысқарту, өңдеу, дыбыстық жүйесін реттеу секілді жұмысты істейді. Ал сапалы фото-бейне, түрлі мәтіндік редакторлар арқылы әдемі жазуды және интернет ресурстарға мақала жазуды үйренуде. Осы үйірмелерге катыса отырып окушыларымыз түрлі конкурстар мен байкаулардың жүлдегері атанып келеді. Атап өтсек, 10 «б» сынып оқушысы Нұрдәулет Темірбек «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» Балалар киносының республикалық фестиваліне катысып, «Үздік бейнеклип, бейнеролик» номинациясы бойынша І орын иеленді. Жетекшісі информатика пәні мұғалімі Абдукаримова Анар Отбасханкызы.


Фестивальдің мақсаты – кинематография арқылы білім алушылардың бойына моральдық-адамгершілік, эстетикалық және әдеб құндылықтарды қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің рухани, зияткерлік және шығармашылық дамуына ықпал ету, дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау, балаларды қосымша біліммен қамту.


Сондай-ақ 3 мектеп-лицейдің биылғы жетістіктеріне шолу жасап өтсек. Мектебімізден 132 оқушы түлеп ұшуда. 4 оқушы «Алтын белгіге», 17 оқушы «Үздікке» үміткер. Жаңалықтарда оқушылар қимастық сезімін, ұстаздар жүрекжарды лебізін, ата-аналар ыстық ықыласын жеткізді.


Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба конкурсының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша 14 оқушымыз жүлдегер атанса, Республикалық кезеңде екі оқушымыз 11-сынып оқушысы Шайхы Гафур мен 10 сынып оқушысы Қонысбай Жаннұр І орынды иеленді. Шайхы Гафур Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің грантын жеңіп алды.


«Зерде» шығармашылық конкурсы бойынша 7-сынып оқушысы Құрманғазы Томирис Республикалық деңгейде ІІІ орынды иеленді.


FIEX бағдарламасы бойынша Индиана штатында тегін біліп алып келген 11 сынып оқушысы Балғабайқызы Аянат Америка құрама штатының үш бірдей университетіне шақырту алды.


ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Техника ғылымдарының докторы Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов атындағы қалалық математика және физика пәндері бойынша 9,11- сынып оқушыларына арналған олимпиадада 11-сынып оқушысы Сейілхан Оралхан 2-орынды иеленіп, Қызылорда қаласы «Ашық университетінің» грантын жеңіп алды. 


11 сынып оқушылары Табылғанов Ілиясжан мен Сейілхан Оралхан Яссауи олимпиадасына қатысып, Түркістан қаласы Яссауи университетінің грант иегері атанды.


11 сынып оқушылары Есенбек Бағдаулет, Жұмабек Темірлан Астана ІТ университетінің ректор грантын жеңіп алды. Шайхы Гафур республикаллық ғылыми жобалар конкурсының «Алтын медаль» иегері атанып, Қоркыт ата университетінің грантын жеңіп алды.


Мектептің оқушыларынан бөлек, ұстаздың сіңірген еңбегі тым қымбат. Өткен жылы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп–лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Әсел Пірмағанбетова «Үздік педагог» атағын иеленді.



«Бұл байқаудың жеңімпазы атану – еткен еңбек, төккен тердің нәтижесі және мектеп ұжымы мен шәкірттеріммен бірге жеткен ортақ жеңісі. Жинақтаған тәжірибемді қолдана отырып, соңғы бес жылда үздіксіз ізденісте жұмыс істедім. Кәсіби байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Сондай-ақ шәкірттерімді түрлі сайыстарға қатыстырып, нәтижесінде жүлделі орындарға ие болдық. Иә, әрине, қандай жеңіс болса да, қолға оңай тимейді. «Ұстаз – ұстаз емес, өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт – шәкiрт емес, өз ұстазын сүймесе» деп жазушы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, оқушысы үшін алаңдаған мұғалімнің абыройы асқақ, жетістігі жарқын болары хақ. Қазіргі таңда нағыз ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Өз ісін адал атқара отырып, жан-жақты болуы қажет. Осы үдеден шыққанда ғана жай мұғалім емес, нағыз ұстаз деуге болады», – дейді білікті маман.


Әсел Пірмағанбетованың мұғалімдік қабілетіне әріптестері жоғары баға береді. 


"Әсел – республикалық «Үздік педагог» байқауынан жеңімпаз атанған төртінші ұстаз. Оның кәсіби біліктілігі жоғары, шығармашылық тұрғыда жұмыс жасауы,  педагогикалық ұжымдағы креативті ойлаудың жарқын көрінісі екені даусыз. Білім ордасы ұстаздары қалалық, облыстық, республикалық  байқаулар, әкім гранттары иегері қатарынан көрінумен бірге «миллион» ұтып алған көшбасшы ұстаздарымен де ерекшеленуі – қазіргі уақыт көшінен қалмайтынын, өскелең ұрпақты сапалы білім, өнегелі тәрбие беруде мемлекетіміздің білім саласындағы стратегиялық бағыты үлкен жауап­кершілікті бай­қатады», – дейді мектеп директоры Ләззат Әбенова.


Сондай-ақ Әсел Пірмағанбетова оқушылардың да жүрегіне жол тауып, оларға дұрыс қолдау көрсететін білікті маман. 


Мен Серғали Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінің түлегімін. Биыл мектеп қабырғасындағы соңғы оқу жылымды аяқтап, үлкен өмірге қадам басудамын. Әрине, қимастық сезім басым. Себебі 11 жыл өмірім осындағы ұстаз, сыныптастарыммен бірге өтті. Сәл кейінге ой жүгіртсем, мектепке алғаш келген күнім әлі есімде. Қорқыныш, толқу, қуаныш. Сол сәттен бастап жыл сайын жаңа дағды, қабілет қалыптастырдық. Түрлі іс-шара, байқау мен олимпиадаларға қатысып, тәжірибе жинадық.

Осы орайда ұстазым Әсел Пірмағанбетоваға алғысымды білдіргім келеді. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» демекші, Әсел апай сыныпаралық мәнерлеп оқу жарыстарына қатыстырып, қызығушылығымды оятты. Басында барлығы бірден болмады, дегенмен ол қиындықтар мен тосқауылдарға қарамастан маған деген сенімін жоғалтпады, дайындықты тоқтатпады. Алғаш рет республикалық Фариза Оңғарсынова өлеңдерін мәнерлеп оқудан ІІІ орын алдым. Еңбегіміздің жемісін көріп, әрі қарай мәнерлеп оқуға деген қызығушылығым арта түсіп қалалық, облыстық, республикалық сайыстардан жүлделі орындар иелендім. Атап айтқанда, Тұрмағанбет Ізтілеуұлының өлеңдерін мәнерлеп оқудан І орын, Абай оқулары сайысынан ІІ орын, Мұқағали Мақатаев өлеңдер сайысынан ІІ орын иелендім. Сонымен қатар өткен жылдың қазан айында Қазақ әдебиеті пәнінен республикалық ғылыми жобада ІІІ орынды иелендім. Осындай жетістіктерге жетуіме ұстаздарым үлкен үлесін қосты.

Бүгінде мектеп парламентінің Президентімін. Сапалы білім беруде алдыңғы қатардағы мектептердің бірі Серғали Толыбеков атындағы мектеп лицейі деп сеніммен айта аламын. Себебі мұнда оқушының дамуына толық жағдай жасалған. Мәселен, менің таңдауым журналистика саласына түсті. Бұл таңдауыма мектептегі «ІТ журналистика» үйірмесі себеп болды. Үйірмеде диктор, іс-шараларда жүргізуші ретінде тәжірибе жинаудамын.

Қорытындылай келе, әр оқушы мектеп қабырғасынан бастап өзінің жарқын болашағын қалайды. Болашақ ұрпақтың білімді, саналы, елжанды болып қалыптасуы мектептен басталатынын айтқым келеді, – дейді жас түлек Данияр Нағызхан. 


Аймақта білім саласына аса мән беріледі. Ұстаз да, оқушы да бұған дәлел. Олар ғылым мен білімнің маңыздылығын тереңінен ұғынып, оны меңгеру үшін талмай талпынады. Мәселен, №9 мектеп-лицейдің 11 сынып түлегі Сара Базарбай ғылыми-техникалық прогрестің адамзатқа әсерін зерттеп, оның құрылымы туралы былай дейді: 


«Мен балаң жарық күнде сәуле қуған», – деп С.Торайғыров айтып өткендей, еңселі елдікке еңбек жетелейді. Біз екі ғасырдан астам уақытты артқа тастап, алты Алаштың басын қосып, қаймағы бұзылмаған, халқы сүйген ұлттың жас өркеніміз.


Бүгінде Қазақстан дамушы елдердің қатарынан бой көрсетті. Еліміз биіктен көріну үшін жүрегі қазақ деп соққан жастар талмай еңбек етуі қажет. Еліміздегі технологияның дамуы бізді қатты қуантады. Техника – адамзат баласы үшін өте қажетті дүние. Қазір қандай маман иесі болса да, техниканың көмегіне жүгінеді.


Жаныңа керектің бәрін техникадан табамыз. Алайда әр нәрсенің жақсы жағымен қатар жаман жағы қатар жүретіні сөзсіз. Ғаламтор желісінде жастарды теріс ағымға бұрмалайтын сайттар көп. Жасөспірімдер сол жолдың ізіне түсуі, олардың болашағына қауіп төндіреді. Бұл мәселенің шешімін таппасақ, қара халықтың сорына айналуы әбден мүмкін. Жақында бұл іс жоғары жақта қаралып, әр әлеуметтік желі және ондағы ақпаратқа талдау жүреді, бақылау тереңдетіледі деп үміттенемін.


Технологияның қауіпті тұсы көп, дегенмен оны сауатты пайдалансақ, бірқатар игі істі жүзеге асыруға болады. Адамзат өмір жолында екі нәрседен қателеспеуі керек. Оның бірі – мамандық таңдау. Көзді ашып-жұмғанша дамып жатқан мына заманда 2050 жылы ғылыми-технология прогресі қарқынды дамып, адамзат баласының орнын робот басуы әбден мүмкін. Болашақта сұранысқа ие мамандықтың бірі – программист. Сондықтан біздің замандастарымызға IT салаға бейімделу қажет.


Өз мамандығын жетік меңгеріп, жүрек қалауымен оқу – жарқын болашақтың көрінісі.


Қорыта келе, жарық күнде сәуле қуып, ізденімпаз қасиетімізді жоғалтпай, ел болашағы үшін бар күшімізді саламыз!, – дейді жас талапкер. 


Ұстаз біліміне ойыссақ. Өңірдегі №143 орта мектебінің математика мұғалімі Жанар Сейдахметова қазіргі жастар үшін математика пәнін меңгеру өте маңызды деп есепетейді. 


– «Математикалық модельдің адам ойынан туындай отырып, объективті зерттеу пәні ретінде жасалуы – керемет! Оның қасиетін тану арқылы біз нақты өмірді бейнелейтін модельдің қасиетін тани аламыз» деп В.А.Успенский жазып кеткен. Сонымен қатар, математика – ғылымдардың ең басты тілі ретінде нақты әлемнің құбылыстарын сипаттайтын әртүрлі тәсілдердің ең қолайлысын көрсетеді.


Математика – бұл бір ерекше әлем. Сырт көзге ол тек мылқау сандар мен суық есептен ғана жаралған құрғақ дүние болып көрінеді. Бірақ оның ішкі сырларына сүңги білген адамға өзіндік айырықша әсемдіктері, пәннің сапалық түйіндері, қиялға қанат байлап, ойға қуат құятын, айналаңдағы жалғыз дүниеге жан бітіретін, құдіретті құбылыстары дайын тұр.


Математиканың нақты ғылымдар саласында алатын орны орасан зор. Математика – ғылымдардың іргетасы. Математикасыз физика, химия, тіптен биология салаларын елестету мүмкін емес. Оны кез келген ғылым саласына енгізсеңіз, оған жан бітіп, бойына қан жүгіреді. Ол бізді қоршаған ортаны танып-білуге, заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Табиғи құбылыстардың сипатын анықтауда математика тілі арқылы моделін құрып, болашақтағы құбылыстың күйін болжай аламыз. Математикалық есептердің қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, жан бітіп, іске асуын кез келген жерден көре аламыз. Мысалы, біз күнде мініп жүрген көлік, компьютерлер, ұялы телефондар, тіпті біз тұрып жатқан зәулім үйлерді де айтуға болады. Құрылыс пен сәулет өнері – адамның алғаш пайда болуынан басталған көне кәсіп. Ғасырлар ауысса да ол бізбен бірге дамып, жетілуде. Құрылыс саласының өзіне тән ережесі, тәртібі және нормативтік құжаттары болады. Соған сәйкес әрбір құрылысшы кірпішті қалай қалау керек, оның нормасы қандай болады деген сияқты құрылыс технологиясын меңгеруі қажет. Сондай-ақ жобаны оқи білуі керек. Бір нысан мен екінші бір нысанның ерекшелігін білу, технологияны, адамды орнымен пайдалану, алған білімді тиімді жұмсай білу, дәл, нақты есептей білу керек. Яғни математикадағы масштабты жақсы түсініп, оны практикада қолдана білу қажет.


Медицина мен денсаулық сақтау саласында да көптеген есептеу жүргізіледі. Мәселен, медициналық құрылғыларды жасау барысында адам денсаулығына зиян келмес үшін математикалық есептеулер жүргізіледі. Тіптен ауа райын зерттеудің өзі математикалық модельсіз жүзеге асырылмайды.


Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, математикалық есептеулердің арқа­сында, бүгінгі технология­­­­ларға қол жеткізіп, қауіпсіз үйлер салып, ғарышты зерттеп, мәдениетімізді дамытудамыз. Математикалық есептеулерсіз әлем тіптен басқаша болар еді.


«Егер ақылды болғың келсе, көп оқы!» тіркесіне «және математикамен айналыс» деген жолдарды қосқым келеді. Гуманитарлық сала мен нақты ғылымдар бір-бірін толықтырып отырады. Гуманитарлық саланың жақсы мамандары базалық деңгейде нақты ғылыммен айналыспағандықтан, шешім қабылдауда қателіктер жіберіп жатады. Ал жақсы математикатер, технологтар абстрактілі әлемге кіріп кетіп, нақты әлеммен байланыс үзіп алады. Барлық «жақсы» нәрселердің өз мөлшерінде болғаны абзал, – дейді ол. 


Аймақта білім саласы қарқынды дамып, қарыштаған дәрежеде жетістік көрсетуде. Бұл көңіл қуантатын жаңалық. Өңірдің абыройын асқақтатып, биік белесті бағындыратын қызылордалықтардың қатары мұнымен тоқтамайды деген сенім басым. 


 Қорлан САРЫ