Екі баласын тұншықтырып өлтірген әйел сотталды
Қарағанды облысында екі кішкентай қызын тұншықтырып өлтірген 20 жастағы келіншек 20 жылға сотталды. Ал тірі қалған бір жасқа толар-толмас нәрестесі Балалар үйіне өткізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тұңғышын 16 жасында босанып, одан кейін тағы екі бала тапқан әйел кейінгі уақытта басқа еркекпен азаматтық некеде болған. Екеуі Теміртау іргесіндегі Гагарин ауылында тұрған.
Телеарнаның хабарлауынша, 4 сәуірде күйеуі жұмысымен қалаға кеткен. Соттағы түсініктемелеріне сәйкес, ол тамақ сұрап жылай берген екі және төрт жастағы қыздарын тыныштандырмақ болған. Төсекке жатқызып, үстіне көрпе жауып тапжылтпай басып отырады.
«Жылағанын қойғанда ашсам, өліп қалыпты» деп ақталған. «Байқаусызда болды» деп жазаны жеңілдетуді сұрады, бірақ оның істегені «Қасақана кісі өлтіру» бабына жатқызылды. Тіпті емізулі баласы бар екені де жазаны жеңілдеткен жоқ.