Қармақшыдағы бүлдіршіндер ордасы

1 525

Фото: Kyzylorda-news.kzЖарық дүниеде баланың шат күлкісінен артық, одан асқан бақыт пен бақ бар ма екен? Әсіресе әрбір күнді сәби күлкісімен қарсы алып, оларды мейірімді жүзбен шығарып салатын балабақша қызметкерлеріне тіпті де қызыға қараушылар көп болар. Осындай бал күлкілі балалармен абыройлы жұмыс істеп келе жатқан бөбекжайдың бірі Қармақшы ауданына қарасты Ақайдағы №19 «Балдәурен» бөбекжай-бақшасы, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Тәрбие ошағы 2007 жылы ашылып, бастапқыда екі топта 50 баламен жұмысын бастайды. Ал бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, 8 топта 175 бала тәрбиеленуде. Бөбекжайда 24 педагог қызмет атқарса, олардың 7-еуі педагог-модератор. Мұнда балаларды күнделікті құшақ жайып қарсы алып, оларды білім мен тәрбиеге құнарландырып отырған Анаркүл Тотаева, Ақгүл Шайымова, Айнұр Ибрашова, Айгерім Алдоңғарқызы, Ләззат Әзбергенқызы, Лиза Ізтілеу, Камила Ержановалар ауыл тұрғындары мен бүлдіршіндердің ата-аналарының алғысына бөленіп жүрген өз ісінің шеберлері. Олар – әрбір баланың денсаулығын сақтау, психологиялық дамуына жағдай жасау және мереке қарсаңында ұйымдастырылатын іс-шараларға тыңғылықты дайындықпен, бала бойындағы өнерді аша білу, басқа да игі қасиеттерді бала бойына сіңіре білуде қанаттары талмай ізденіп еңбек етіп жүрген білікті тәрбиеленушілердің әрбір күнін қызықты да тартымды өткізуге жанын сала жұмыс істеп жүрген бөбекжай-бақшаның әдіскері Мейрамкүл Батаева, ұйымдастырушы-педагог Халида Рахметова, психолог Жазира Шахбергеновалардың да елеулі еңбегін айтып кету ләзім. Сөз кезегінде балабақшаның ашылғанынан бастап қазірге дейін бала жанының бағбаны болып келе жатқан білікті маман, іскер басшы, бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Гүлдәрі Шамшадинқызының есімін құрметпен атап өту де маңызды. Басшының аз-кем еңбек жолына бағдар салып кетер болсақ, әпкеміздің еңбек жолы Қызылорда қаласындағы балабақшалардың бірінде бала күтуші болып басталыпты. Оның одан кейінгі қызметі де осы білім саласымен ұштасады. Тәрбиешілік, орта мектептің мұғалімі қызметтерін біркісідей атқарған Гүлдәрі Шамшадинқызы 2007 жылы "Балдәурен" балабақшасы тұсауын кескен күннен бастап меңгерушілік қызметіне тағайындалған екен.


"Ауылдағы №99 мектептің ескі ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын қызметкерлеріміздің күшімен жүргізіп, 3 топқа 75 бала қабылдап, жұмыс бастадық. Ескі ғимаратты балабақша кейпіне келтіруге көп еңбек сіңірдік. Құжат жасау да оңайға соқпады. Бүгінде сол еңбегіміз ақталып, жақсы нәтижемен көрінудеміз. Ауданның, облыстың алдыңғы қатарлы балабақшаларының қатарына қосылғанымызға шүкірлік етеміз", – дейді қиындығы мен көп бейнеті артта қалған күндерді еске түсірген балабақша меңгерушісі, «Еңбек, Абырой, Құрмет» төсбелгісінің иегері Гүлдәрі әпкеміз.


«Бала өмірінің алғашқы жылдарында негізгі дағдылар мен танымдардың іргетасы қаланады, негізгі психологиялық үрдістер: зерде, ұғым, ой, тіл қалыптасады. Бұл кезеңде балаға қоршаған әлемді, жан-жақты танудың мүмкіндіктерін ұғындыру және оны адамдар ортасымен таныстыру қажет» дейді осындағы тәжірибелі мамандар.


Бір айта кетерлігі бөбекжай-бақша ұжымы балаларды оқыту-тәрбиелеуде Қазақстан Республикасы МЖМББ стандарты бойынша Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын, Қазақастан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы қаулысымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін» басшылыққа алған. Бөбекжай педагогтары «Step dy Step» технологиясын өздеріне бағыт-бағдар еткен. Бұл технология халықаралық педагогикадағы ең үздік тәжірибелердің жиынтығы есептеледі дейді. Ол баланың зеректік қасиеттерін дамытуға ықпал етсе, тағы бір ұтымдысы – тәрбиенің барлық түрі қарастырылғанға ұқсайды.


"Оқыту және тәрбие беру белсенділік (әдебиет, өнер, құрылыс, зерттеу, үстел үсті ойындары, су және құм, желілі-рольдік ойындар) орталықтарында өтеді. Осы орталықтарда бала әртүрлі қызмет түрімен айналыса отырып, жан-жақты танып үйренеді. Орталықтар баланың шығармашылығын дамытуға кеңінен мүмкіндіктер ашады, өздігінен ізденуге баулиды, жаңалықтар ашуға түрткі бо- лады. Бөлмелер қажетті материалдармен толық жабдықталғанын да айта кетуге болар. Осы материалдармен жұмыс істеу кезінде бүлдіршіндердің ой-өрісі кеңейіп, зейіні дамиды. Тәрбиеші баланың жеке тұлға ретінде даму үрдісіне басшылық жасайды, оның қызығушылығын тудыратын іске қарай бағыттайды. Балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін бөбекжай- бақшаның материалдық-техникалық базасы талапқа сай жиһаз, ойыншықтар, ақпараттық тақта, теледидар, музыкалық орталық, видеокамера, планшет, компьютермен қамтамасыз етілген. «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың Негізгі ережелерін» орындау барысында балалардың дамуын бағалау жүйесін, білім беру салалары арқылы бала құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған индикатормен жұмыс істейміз. Балалардың құзыреттілік көрсеткіші жас ерекшеліктеріне байланысты қойылған сұрақтар арқылы толтырылады. Индикатор оқу жылында 3 рет толтырылып, әр айға диагностика жасалып, топ бойынша мониторинг арқылы баланың жылжу көрсеткіші шығарылып отырылады. Одан бөлек педагогтардың практикасын тәжірибе алмасу, біліктілігін арттыруға, өзін танытуға мүмкіндік жасау арқылы жетілдіру – біздің алға қойған мақсатымыздың бірі. Ұстаздарымыз жиған-терген тәжірибесін таратып, басқа әріптестерімен алмасу мақсатында облыстық вебинар, аудандық, аймақтық семинар, іс-шаралар ұйымдастырудамыз", – дейді Гүлдәрі Шамшадинқызы жұмыс процесін тілге тиек етіп.


Мұндай іс-шаралар әдетте маманның біліктілігін арттырып, білімін толыстыра түсетіні белгілі. 2020 жылы айтулы мекеме ұжымы «Мектеп жасына дейінгі балалардың театрландырылған әрекет дағдыларын дамыту жолдары» атты облыстық вебинар өткізсе, былтыр облыстық оқу орталығының әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес жүргізілген «Үздік логопед – 2021» байқауында жас маман Инабат Әбілхан «Ізденімпаз логопед» номинациясымен марапатталса, осы орталықтың ұйытқы болуымен өткізілген «Үздік тәрбиеші – 2021» байқауында тәрбиеші Ләззат Казбиева жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлаған. Сондай-ақ «Дарын» шығармашылық орталығының «Тәуелсіз Қазақстан – елім менің» атты республикалық байқауында 5-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер «Хореография, «Көркем сөз» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, І дәрежелі дипломмен және «Оркестр» номинациясы бойынша бас жүлдемен мадақталған. «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Дала сазы» байқауында жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін балабақшаның «Сымбат» би тобы ІІІ орын иеленіп, халықаралық «Біз бақытты баламыз» байқауында ІІ орынды олжалаған. Балаларды өнерге баулу – балабақшаның асыл мұратына айналған. 2022 жылы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері арасында «Балалық шағымның бақытты биі» атты облыстық би байқауында Анар Тотаеваның жетекшілік етуімен «Сымбат» би тобы ІІІ орынды иеленіп, мерейлері тасыған.


«Өткен оқу жылындағы басты мақтанарлық жетістігіміз, балаларды ерте дамыту институты «Алақай, жайдарлы жаз келді!» челенджін ұйымдастырып, республика бойынша ІІ орын биігін бағындырдық. Енді алда – ауламыздың ішінен балалардың жазғы сауықтыру кезінде тобықтан төмен шаю шараларын ұйымдастыруға ата-аналармен бірлесіп шағын бассейін салуды көздеп отырмыз. Бүгінгі жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуы, оның туған ұясына, өскен ортасына, көрген тәрбиесіне тікелей байланысты десек, әрбір баланың бойына ана тілінің әлдиін, туған ұлтының әдет-ғұрпын, салт-санасын сіңіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстар нағыз патриоттар етіп тәрбиелеуде бала жанының бағбаны ретінде тынбай еңбек ете береміз. Өмірде баладан таза, баладан пәк жаратылыс жоқ. Өз басым баланың бойынан тек қана тазалық пен пәктікті көремін, өйткені бала Алланың адамзатқа тартқан еңбір ғажайып, баға жетпес сыйы деп білемін. Міне, осындай тамаша мамандықты таңдап, өз таңдауының иесі бола білген әріптестерімнің еңбектеріне толағай табыс тілеп, ұжымыма «Бал қызығың таусылмасын – «Балдәуренім» дегенді айтқым келеді» ,-дейді бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлдәрі Шамшадинқызы риясыз көңілмен.


Бөбекжайда болған аз уақытымызда біршама игі тірлікті көзбен көріп, көңілге тоқыдық. Соның ішінде Монтессори әдісімен жабдықталған және робото-техника бөлмелері бала түгілі ересек біздерді де өзіне баурап әкетті.