Базарда қалдырылған бастың күдіктісі аспан түстес куртка киген
Куәгерлер әйелдің басын дүкенге тастап кеткен адамды сипаттап берді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Пакеттің ішіндегі басты көрген саудагерлер бірден полиция шақыртқан. Ал марқұмның денесі басқа жерден табылды. Алдияр Әбиболла – күдіктіні өз көзімен көрген куәгердің бірі.
«Осы жерде жүрді күдікті, очки киіп алған, маскада. Көк аспан көк бар ғой, сондай курткамен ары-бері жүрген еді. Пакетті ол біздің көрші дүкенге, сол жерге тастады. Дүкеннің ішіне тастады. Сосын сыртта тексеріп ашып қараса, адамның басы екен», – дейді саудагер Алдияр Әбиболла.
Күдікті қолындағы пакетті шамамен түскі 12 шамасында шұжық сататын дүкенге тастапты. Оған дейін базар ішін арлы-берлі 3-4 рет айналып жүрген көрінеді. Пакетті ашқанда ішіндегі басты көріп, шалқасынан түсе жаздаған сатушы әлі өз-өзіне келе алар емес. Сұмдық қылмысқа барған, онымен қоймай, базарда бас салынған пакетпен емін-еркін тайраңдаған күдікті қолға түспеді. Ал марқұмның денесі басқа жерден табылды. Тәртіп сақшылары өлген әйелдің кім екенін анықтады.
Әдетте ығы-жығы базардың көшесінде бүгін ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді. Полиция жолдың екі бетін де жауып тастаған. Басты назар қоршауға алынған аумақтағы жерде жатқан пакетте. «Ішіндегісі бас па?» деген сұраққа, саудагерлер үнсіз бас шұлғиды.