Әдемі суреттің соңы 18 отамен аяқталды
Сурет үшін вагон үстіне шыққан Қостанайлық жасөспірім 18 отадан аман қалды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қостанай облыстық ауруханасына 15 жастағы жасөспірім жеткізілген. Ол досымен әсерлі суретке түсу үшін теміржол вагонының үстіне шыққан. Сол кезде 27 мың вольттық жоғары кернеулі тоқ соғып, денесінің 60 пайызын күйік шалған. Жасөспірімнің айтуынша, ол ұшып кетіп жерге құлаған. Досы үстіндегі отты сөндіріп, жедел жәрдем шақырған. Оқиға орны ауруханаға жақын болғандықтан, 2 минутта жеткізілген. Дәрігерлер 1,5 ай бойы оның өмірі үшін күрескен. 18 ота жасалған. Қосымша қиындық тудырғаны - оның қаны сирек кездесетін 4-теріс топ болып шыққан. Қан тапсыруға тұрғындар белсенді атсалысқан. Ең бастысы, медицина мамандары күйіктен қатты зақымданған аяқ-қолын ампутациялаудан аман алып қалған. Реаниматологтар, травматологтар, ота бригадасы және демеушілердің арқасында жағдайы тұрақтанған. Қазір жасөспірім сауығып келеді, жанында әжесі бар.
Қызығы, оқиға дейін бала электрик мамандығына құжат тапсырған екен. Енді ол пікірін өзгертіп, дәрігер болуды армандайды. Емін жүргізген Мирас Болатханұлы мен Руслан Асқарұлына алғысын білдірген.
Дәрігерлердің ескертуі: Әлеуметтік желі үшін әсерлі сурет түсіру мақсатында өмірді қатерге тікпеңдер. Ешқандай фото адам өміріне тұрмайды.
Қаз
Рус






