Қызылордада жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды
Бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ашраф Жүсіпов жалпыға бірдей декларациялау туралы баяндады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі басталды. Үшінші кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін декларация ұсынуға міндеттелген. Декларацияларды «Салық төлеушінің кабинеті», «Электрондық үкімет» порталы, сондай-ақ «App Store» немесе «Play Market»-тен арқылы «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшаларын жүктеу арқылы тапсыруға болады.
ҚР-сының Салық кодексінде белгіленген мерзімде жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы және жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларациясын ұсынбаған жағдайда алдын ала ескерту беріледі. 1 жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Айта кету керек, 2025 жылдан бастап азаматтардың барлық санаттары декларация тапсыратын болады. Жалпыға бірдей декларациялау бойынша сұрақтар туындаған жағдайда жеке тұлғалар 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан кеңес ала алады.