«Қорқыт ата» мемориалды аллеясы жаңғыртылады

1 527

qazaqstan3d.kzҚала әкімі Серік Салауатұлы Б.Шөкенов атындағы саябақтың көріктендіру жұмыстарын көрді. Қала тұрғындары үшін табиғат аясында тынығуға мол мүмкіндік сыйлаған саябақтың эстетикалық күйі де қалыпқа келтірілуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Саябақтағы санитарлық тазалық шаралары жыл бойы жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстарды босаңсытуға болмайды,» – деді Серік Салауатұлы сала басшыларына. Мұндағы жасыл-желекті күтіп, балақтау, уақытылы аяқ су беру күнделікті атқарылуы қажет. Ашығын айту керек, аталған парктегі жерасты су ұңғымасында уақытша орын алған ақауға байланысты аяқ су кеш берілді, салдарынан талдарға күтім жасалмады. Мәселеге орай, «Жасыл Қызылорда» мекемесіне «Сарқырама» каналы арқылы судың бағытын бұрып, биік жерлерге мотопомпаларды пайдалану тапсырылды.


«Қорқыт ата» мемориалды аллеясы қаладағы демалыс орындарының бірі болса да, мақсатты пайдаланылмай келеді. Яғни, көпшілік кең көлемде тыныға бермейді. Себеп – саябақтың бүгінгі күйі халықты баурайтындай жағдайда болмай тұр. Осыған орай, сәулетшілердің ұсынған заманауи дизайнымен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл игі бастаманы жақын күндері бастау жоспарға енгізілген.


«Аймақ басшысының тегеурінді талабымен, кәсіпкердің демеушілігімен жақында Орталық алаң қайта жаңғырып, ел игілігіне берілді. Қандай керемет, халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам деп атасақ жарасымды. Бұл жердегі бір әттеген-айы, демалыс орындарын тиімді, сапалы, мәдениетті пайдалана алмауымыздан болып тұр. Қарасаңыз, бас-аяғы базар-ошар секілді бей-берекет дүние қаптап кетті. Біз мұндай берекесіздікке жол бермейміз. Демалыс аймағында халық еркін демалуы керек. Өз кезегінде «Қорқыт ата» мемориалы аллеясын да орталық алаң секілді қала халқының сүйікті орнына айналдыратын боламыз,» – деді Серік Салауатұлы.