Алматыдағы Жазушылар Одағының ғимаратында ақын - жазушылар ҚР Президентінің Жолдауын талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиналғандар Мемлекет басшысының 2 қыркүйекте жарияланған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» жолдауындағы айтылған маңызды бағыттарды талқылады.
«Бізде салық саясаты өте қатал. Салықтың екі теңгесі төленбей қалса, есепшотты бұғаттап тастайды. Президентіміз жолдауында соны айтып отыр. Біз жазушылар мен ақындар кітап шығарамыз ғой. Сол кезде қосымша 12% салық төлейміз. Ал олар біздің кітапты шығару үшін қағаз, бояу сатып алатынымызды білмейді. Бұл керек-жарақтар шет елден келетіні тағы бар. Менің ойымша, банк жүйесіне заң шығару керек, бір бағытқа жүйелеу қажет. Президенттің жолдауындағы 8-9 пункттерде көкейде жүрген мәселенің барлығы айтылған. Сондай-ақ жолдауда айтылған АЭС мәселесіне қатысты жазушыларымыз да шет қалмай өз пікірін білдіру керек», - деді Қазақстанның Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Басқосу барысында ақын-жазушылар жолдаудағы банк, қаржы жүйесі жайлы тоқталып өтті.
«Жолдауда көптің көкейінде жүрген мәселе көтерілді. Мемлекет басшысы Amanat партиясының «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» жобасына қатысты ойын жеткізді. Сондай-ақ субсидияларды агроөнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына бағыттау керектігін айтты. Меніңше, бұл ұсыныстар келешекте жүзеге асып, еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі дамып, тасы өрге домалайды», - деді ақын Алмас Ахметбекұлы.
Осыған дейін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент жүктеген тапсырмаларды іске асыру үшін сапалы заңдар қабылдау міндеті тұрғанын айтқан болатын.