Жүктіліктің 8-айында ауруханаға түскен келіншек қайтыс болды
Жамбыл облысы Жуалы ауданының аурханасына токсикозбен түскен Айгүл Айтуғанқызы медициналық мекемеде 12 күн жатып қаза болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Марқұмның туыстары Айгүлдің қазасына дәрігерлерді айыптап отыр. Айгүл Жуалы аудандық ауруханасына жүктілігінің 8-айында, токсикозының асқынған кезінде түскен. Төртінші рет ана атанғалы отырған науқасты дәрігерлер гинекология бөліміне орналастырған. Кейін ол науқасқа «ксилол» деген дәрілік затты алдыртуды тапсырған. Айгүл дәріні күйеуіне алдыртқан. Алайда перепаратты сатып алуға барғанда дәріханадағылар «ксилолдың» химиялық зат екенін айтқан. Сондай-ақ фармацевт ер адамнан дәрінің атауын тағы бір нақтылап алуын сұраған. Ол дәрі «ксилат» болып шыққан. Ол 14 қаңтар күні әйеліне үш бөтелке «ксилат» алып, оны медицина қызметкерлері арқылы беріп жіберген. Кейін Айгүл тағы «церукал» препаратын алдыртуын сұратқан.
Айгүлдің күйеуі оның телефон тұтқасын көтермей қойғанынан сезіктенген. Сол кезде келіншегі жансақтау бөлімінде жатқан екен. Жүрегі үш рет тоқтаған. Бірақ дәрігерлер күйеуіне ештеңе айтпаған.
Марқұмның жақындары дәрігерлерден қате кеткенін түсініп, олардан емдеу хаттамасын сұраған. Алайда дәрігерлер бермей қойған. Кейін «ксилаттың» токсикозды емдеуге қолданылмайтыны белгілі болды. Ал дәрігерлер препаратты емдік мақсатта қолданбағанын, тіпті үш бөтелкенің ашылмағанын айтып, суретке түсіріп жіберген.
Күйеуінің Айгүлге жіберген суретіндегі «ксилат» пен дәрігерлер жіберген суреттегі «ксилаттың» айырмашылығы бар болып шықты. Ер адам сатып алған дәрінің сериясы AV 212/1-1, жарамдылық мерзімі 27.10.2024 жылға дейін, ал дәрігерлер жіберген препараттың сериясы AV 13/1-2, оның жарамдылығы 31.01.2025 жылға дейін жетеді. Осылайша дәрігерлер препаратты ауыстырып қойған.
Облыстық полиция департаменті Жуалы ауданы орталық аудандық ауруханасында науқастың қайтыс болу фактісі бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеліп жатқанын мәлімдеді.