ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ОҚУШЫ ПЫШАҚТАЛЫП АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

5 664

Фото: Opennews.kzШиелі ауданында оқушы бала пышақталды, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Оқиға оқушылар арасында болған ерегістен басталып, қасақана қылмысқа айналған. Ең сорақысы, бұл жайт бітіруші түлектердің ҰБТ емтиханын тәжірибелік тестіне жол тартқан сәтте, тіпті мұғалімнің көз алдында орын алған. Мұғалімдер өз міндетін орындап, білім беру мен тәрбие жұмысына жауапты болса да, мұндай жайттар олардың бақылауынан тыс болып жатқан сияқты көрінеді. Кейбір дерек көздері оқушылардың осыған дейін де төбелескенін атап өтуде.  Ал, аудандық Полиция бөлімі: 


«Аталған дерек бойынша тергеу әрекеттері басталған. Күдікті үй қамаққа алынған. Жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді, жағдайы бір қалыпты. Басқа да ақпараттар Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес жария етілмейді. Қазіргі таңда Шиелі ауданы көлемінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан әкімдігінен, аудандық білім бөлімінен, аудандық полиция бөлімінен, жастар ресурстық орталығынан қызметкерлер бөлініп, білім беру мекемелерінде профилактикалық түсіндірме жұмыстар жүргізілуде.»,- деп ресми мәлімдеді.

Облыстағы білім саласында былықтар мен мәселелердің тым көбейіп кеткені белгілі. Білім саласына бөлінген қаржының жұмсалуын бақылау, мектептердің материалдық базасын жақсарту, оқу үдерісіне терең назар аудару мәселелері әлі де шешілмеген күйінде қалуда. Қоғамда орын алған зорлық-зомбылық пен агрессияның көрсеткіштері тек білім беру жүйесінің әлсіздігін ғана емес, сонымен қатар білім басқармасының, аудандық әкімдіктің, және басқа да жауапты органдардың жауапкершіліксіздігін көрсетеді.

Билік қайда қарап отыр? Жастарымыздың қауіпсіздігіне, психологиялық әл-ауқатына бейжай қарау – ел болашағына, қоғамның негізіне қауіп төндіреді. Облыс және аудан деңгейінде білім саласын реформалау, оқушылардың психологиялық жағдайын бақылау және оларды дұрыс тәрбиелеу бағытында нақты әрі тиімді шаралар қабылдануы керек. Әйтпесе, мұндай қанды оқиғалар болашақта да жалғаса береді.