Қазалыдағы құрылыс қарқыны көз қуантады
Соңғы жылдары Қазалы ауданында құрылыс индустриясы қанат жайып, ауданның әр түкпірінде түрлі нысан бой көтерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дәлел Әйтеке би кентіндегі жаңа “Руханият” орталығы, орталық алаң мен “Жеңіс” саябағының қайта жаңғыруы болса керек. Мұндағы құрылысшыларға бағыт-бағдар беріп, олардың жұмыс жоспарын жасап, қадағалап, назарға алатын арнайы бөлім қызмет ететінін бәрі біледі. Біздің ауданның да өркендеп, көрікті мекенге айналуына сала мамандарының қосып жатқан өзіндік үлесі зор.
Қазалы ауданы жыл көлемінде жаңа құрылыс нысандарымен ауқымын кеңейтіп, көрсе көз тоятын іргелі мекенге айналды. Сән-салтанаты да жарасып, көрікті жерлер көбеюде. Аудандағы құрылыс жұмыстары қазіргі таңда еш кідіріссіз жалғасуда. Сондай іргелі құрылыс орындарының бірнешеуін мақалаға арқау етуді жөн көрдік. Құрылыс басталған күннен-ақ, жұмыс қазандай қайнаудан жаңылған емес. Қайта, қарқынға қарқын қосылып, күн өткен сайын қыза түсуде.
Қазір Әйтеке би кентінде құрылыс жұмыстарымен қатар аудан орталығын көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жасалып жатқан жұмыстардың да сапасы күнделікті аудан әкімінің бақылауында.
Ауданның бас қақпасы саналатын теміржол вокзалы аумағы мен сол жердегі Әйтеке би алаңын, Жанқожа батыр көшесінің бойында орналасқан Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей, аудан әкімдігі ғимаратының алдын және Жанқожа батыр кесенесінің аумағы абаттандырылып жатыр.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» болып жарияланды. Жыл аясында барлық аудандарда «Руханият орталықтары» салынуда. Жуық арада аудандағы құны 1,7 миллиард теңге болатын аталған нысанның іргетасы қаланбақ. Бүгінгі күнге құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, орталықтың іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін мұнда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарын біріктіріліп, типтік үлгідегі жаңа нысан аудан халқының игілігіне пайдалануға берілмек. «Руханият орталығының» құрылыс жұмыстарымен «АСАР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі айналысуда.
Қазалылықтар көктем айы басталысымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция аясында біршама жұмыс атқарды. Әрине, оның ішінде айта кету керек, абаттандыру жұмыстарына үлкен көңіл бөліп, әсіресе аудан орталығы – Әйтеке би кентінде біршама жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі таңда Әйтеке би кентіндегі ауданның бас қақпасы саналатын Теміржол вокзалы аумағын, вокзал жанында орналасқан Әйтеке би алаңын, Жанқожа батыр көшесінің бойынан «Руханият» скверін (аудан әкімдігі ғимараты мен Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей және 600 орындық Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы ғимаратының алды), абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ал Әйтеке би кентіндегі «Орталық алаң» мен «Жеңіс» саябағын Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналдырып, мұнда да ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Жобаға сәйкес алаңға жаңадан қазақы нышандағы брусчатка төсенішін салу, субұрқақ орнату және жаңа типтегі балалар ойын алаңы мен кіші сәулеттік формалар, гүлзарлар орнатылады. Сонымен қатар Төремұрат жырау көшесі бойына кәсіпкерлік мақсаттағы дүңгіршектер орналастыру қаралған.
Айта кеткен жөн, жалпы көлемі – 6500 шаршы метрді құрайтын орталық алаңды абаттандыру жұмыстарымен «СК и Монтаж-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңды кеңейту және жақсарту мақсатында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Саябақ ішіндегі бұл жұмыстардың барлығы аяқтал ғаннан кейін қазалылықтар мен аудан конақтары Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналған керемет орында бос уақыттарын тиімді өткізеді деп көзделуде.
Бүкілхалықтық серуендейтін «Жеңіс» саябағы ішінде басталған абаттандыру жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет күнделікті бақылауда ұстайды. Абаттандыру ісімен айналысатын мердігер мекеме және тиісті сала басшыларына жұмыстарды жеделдетіп ең әуелі сапасына мән беруді тапсырды.
Сондай-ақ келушілерге арналған сауда қатарлары, жастар бас қосатын арнайы орындар және басқа да тұрғындардың бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында бірқатар нысанның құрылысы жүргізіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп ғимараты құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда мектеп ғимаратының кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, төбесі жабылуда. Сонымен қатар ішкі, сыртқы әрлеу, кафель орнату, мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары жасалуда. Білім ордасының құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда. Мердігер мекеме – «Асар» ЖШС. Аталмыш жоба аясында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан 600 орындық мектеп құрылысы басталмақ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 спорт кешені және 1 ауылдық клуб нысаны құрылысын бастауға 200,0 миллион теңге бөлініп, мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Олар құны 628,7 миллион теңге болатын Әйтеке би кентінденгі «Жеңіс» саябағынан спорт кешені, 398,4 миллион теңге болып белгіленген Бекарыстан би ауылынан спорт кешені, Қожабақы ауылынан спорт кешені. Құны – 537,7 миллион теңге. Бұл қатарда 399,1 миллион теңгелік Майдакөл ауылынан 100 орындық клуб та бар.
Адам өмірінде тұрғын үй жайы-негізгі мәселелердің бірі. Себебі, елдегі барлық азаматтардың әлеуметтік жағдайы олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Осы мақсатта аудан орталығында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, былтыр аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 52 отбасыға баспана табысталған болатын. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғын жай сатып алуға қаржы бөлініп, барлығы 2 пәтерлі 72 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қазір бастапқы 123 тұрғын үй сатып алуға 1 777,2 миллион теңге бөлінген. Дәл қазіргі уақытта тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Тұрғын үйлердің сапалы болып соғылуы құрышқолды құрылысшыларға тікелей байланысты. Сондықтанда олардың қалаған әрбір кірпіші мен қаққан шегелері өз үйлесімін тауып тұрса, үйдің іргетасы да берік болады. Қарбалас құрылыс жұмыстары өз қарқынын әрі қарай үдетсе тұрғын үй кезегінде тұрған аудан тұрғындарының қоныстойларын тойлайтын күн де алыс емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауларында арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру, аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру қажеттілігі, өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсілдер еліміздің дамуы үшін өте маңызды екені айтылған еді. Сондай-ақ Президент инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керегін, әрбір аймақ өзінің әлеуетін ескеріп, инвестиция бағыттау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл орайда біздегі атқарылып жатқан шаруалар да аз емес. Мәселен, биылғы жылдың 9 айдағы дерегі бойынша, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 16,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,6 пайыз болған. Тартылған инвестиция көлемінде жеке қаржылардың үлесі артып келеді. Есепті кезеңде жеке қаражат есебінен 10,2 миллиард теңге қаражат тартылып, жалпы тартылған инвестиция көлеміндегі үлесі 62,9 пайызды құраған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 10 пайызға артып, көлемі 8,9 миллиард теңге болып отыр. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 41489 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға артық орындалған.
Иә, бүгінде аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан аталған нысандарға зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Құрылыстың қарқынды жүргізілуі тиісті мекемелер тарапынан ұдайы бақылануда. Себебі талап – қатал, жұмыс – тұрақты болғанда ғана сапалы нәтиже көрсетеді. Жоғарыда аталған жұмыстар ауданда атқарылған құрылыс жұмысының бір парасы ғана. Жыл аяғына дейін әлі де біраз құрылыстың іргетасы қаланып, біршама объектінің іске қосылатыны анық. Иә, жүріп жатқан жүйелі жұмыстар тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін одан әрі ынталандыра түскендей.