Мектеп оқушысын өлтірді деген күдікпен 10 жасөспірім ұсталды
Ақтөбе облысындағы 9-сынып оқушысының өліміне қатысты қылмыстық іс енді «Адам өлтіру» бабымен тергелетін болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жариялады. Аяжан Сыдықова әділдік орнап, қылмыстық істің бабы өзгертілгені туралы жазған. Оның мәліметінше, енді қылмыстық іс бойынша 10 оқушы қамауға алынды. Бұған дейін Қопа ауылындағы оқушы өліміне қатысты іс Қылмыстық Кодекстің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабымен қозғалған еді. Қайғылы оқиғадан кейін үш оқушы күдікті ретінде танылып, қамауға алынған.
Қайғылы оқиға Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болған. 14 жастағы Нұржан Сыдықовты бір топ мектеп оқушылары соққыға жығып, өлтірген.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті қылмыстық істің бабы өзгергенін, күдіктілердің саны артқанын растады.