"Ауру жанын жеп, түнімен ұйықтамайды"

271
Қаршыға Амантаева төрт баланың анасы. Алматы маңындағы таныстарының үйінде пәтерде тұратын ол он бір жылдан бері ұлы Еркебұланды аяққа тұрғызу үшін жанталасып жүр. Алайда, қаржының тапшылығы отбасындағы жалғыз асыраушыны тығырыққа тіреуде. 

Ол тұңғыш баласы әрі ана деген атты алғаш сезіндірген ұлы Еркебұланды Түркістан облысындағы алыс ауылдардың бірінде өмірге әкелді. Медициналық пункттің әрі дәрігерлердің әлсіздігінен Қаршыға Амантаева ұлын өте ауыр жағдайда босанған. Мұның салдары да жоқ емес. Оның тұңғышы сал ауруының ең қиын түріне шалдықты. 


«Бүгінде ұлым аяғын басса деген арманмен талай адамның есігін қағып, талай адамға қол жайып келемін. Иә, сал ауруы толық емделмейді. Тек аурудың қозып кетпеуін қадағалап, баланы оңалту орталығына апарудан басқа қолымнан ештеңе келмейді. Бірақ пәтер жалдап, төрт баланы жалғыз асырап отырған мен үшін оңалту орталығына апарудың өзі үлкен күш. Баламның жағдайына байланысты жұмыста жоқпын, оны қарап отыратын бір адам керек. Одан бөлек үш балам бар. Амалым қалмағасын, елден көмек сұрауға мәжбүрмін», - дейді анасы. 


Қазіргі таңда Еркебұлан Қызылордадағы орталықтардың бірінде ем алып жатыр. Дәрігерлер оның аяғына гипс салып, тізе астындағы сіңірді алып тастайтын отаның қажеттігін айтуда. Алайда, құны 1 миллионнан асатын отаны жасау үшін Қаршыға не істерін білмейді. «Аяғына гипс салғалы бері баламның күйі тіпті нашарлап кетті. Түнімен ұйықтамайды. Кірпік ілмей, жылап шығады. Оның қиналғанын көру менің ана жүрегіме ауыр. Тізенің астындағы сіңірді кесіп тастаса, Еркебұланның жар жағалап жүруге шамасы келеді екен. Енді осы арманға жету үшін күні-түні Алладан дұға тілеудеміз. Отаны ресейлік дәрігерлер Қарағандыға келіп жасайды екен. Бір айдан соң өтетін отаға баламды апарғым келеді. Құрбан айтта баршаңыздан жалынып көмек сұраймын. Баламның аяғын басуына көмектесіңіздерші», - дейді Қаршыға. 


Еркебұланға көмектесем деушілер үшін реквизит төмендегідей: 
Kaspi Gold номері: 8 705 602 49 19, анасы Қаршыға