ҚЫЗЫЛОРДАДА АУЫЛАРАЛЫҚ АВТОБЕКЕТ ҚОЛҒА АЛЫНА МА?

631
Қызылорда  қаласында    ауыл адамдарын тасымалдайтын автобустар мен жеңіл автокөлік жүргізушілері автобекеттің алыстығынан  базар маңында кептеліс тудыруда,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Қаламыздың орталық базарларын ауыл-аймақ  жолаушыларын тасымалдайтын автобустарынсыз елестету мүмкін емес.  Бүгінде Иса Тоқтыбаев көшесінің бойы  қаз қатар тізілген  автобустар. Ауылдан қалаға   келетін, келім-кетім көліктер осы маңайды аялдайды. Бүгінде «Ескі базар» бойы жол кептелістерінен көз ашпайтыны тағы бар. Тура бір илеуін қазып жатқан құмырсқалар секілді. Адамдар мен көліктердің көптігінен қала әкімшілігі ауылға қатынайтын автобустардың орнын ауырстыруға шешім қабылдаған болатын.  Осы тұрғыда Қызылорда қаласының әкімдігі ауыл-аймақты тасымалдайтын автобустарды  Шымбай көшесінің бойына көшірілсін деп 2018 жылдың жаз айында шешім қабылдап, қолданысқа автобектті берген болатын. Алайда, стандарттық нормаға сай емес деп танылып, бүгінде  ресми түрде жабылу күйінде тұрғандығына да біршама уақыт өтті, оның үстіне қатынау   ауыл тұрғындары үшін де қолайсыз болып табылған. «Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының» маманының айтуынша, «автовокзал бүгінде толық күрделі  жөндеу жұмысынан өтуде», деп ақпарат берген болатын.  Сонда осыншама жылдың ішінде  күрделі жөндеуден өтетіндей автовокзалдың тоз-тозының шыққандығы ма? 
Автобус жүргізушілерің пікірінше: «Шымбай көшесіндегі автовокзал стандарттық нормаға сай келмеуі бір бөлек, ауылға қайтатын клиенттерімізден айырылып қалудың жыры бір бөлек. Ол жақтың автобус бекеттерінің жолын көрсеңіздер, мына біздің жаяу жүргіншілердің жолынанда қысқа», - дейді ауыл шопырлары.
Халықтың жүріп-тұруына ыңғайсыздық тудыратынын біле тұра, стандарттық жүйеге  толық сай болмаған болса,  неге  қала әкімшілігі пайдалануға рұқсат  берген?! 
 «Шымбайда ашылған автовокзал барлық ауыл адамдарын тасымалдайтын жүргізушілер үшін тиімсіз. Ол жаққа барам дегенше біршама бензин кетіп, одан қалды мінушілердің саны  да азайып қалады. Бармады емес, ол жаққа бізді күштеп апарғызыпта көрді. Алайда, ол жерден мінетін адамдарымыз көп бола ма десек,  керісінше, ауылдан қалаға 15 адам әкелсек, қайтарда  өмірімде болмаған 4-5 адам болып қайтқан кездерімде  болды. Қазір солярка 300 теңге болса, билет бағасы 500 тг. Қазіргі күні нарықтың қымбатшылық қысқан заман екендігін ұмытпаңыз. Бұлай жүре берсек бала шағамызды асырай алмаймыз деп,  қайтадан базар маңына тұрақтадық»- дейді  Аққұм  ауылына тасымалдаушы автобус жүргізушісі.
Осы орайда, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі  қалаға азық-түлік  алу үшін келетіндері мәлім. Базар маңына жақын жерден автобус  бекеттері ашылып, заңды болуы жөнді секілді. Өйткені: «Әкімшілік осы автобустың базар маңында тұратынын біледі ғой, соны кішкене реттеп, автотұрақ не болмаса кішігірім автовокзал орнатып берсе ғой. Адам аяқ баспайтын шет аймаққа қойған автовокзал мен сияқты қара халық үшін тиімсіз. Мен ол жерге тамақтарымды тиеп таксимен бара алмаймын. Оның үстіне қазір такси  қымбат, өз басым базардан кіріп, базардан шыққанды жөн санаймын»,-деді Тереңөзек тұрғыны Камшат апа. Шындығында да, орталық базар маңын  аялдау қара  халық үшін   ыңғайлы жер. Атап өткендей, сауда жасауға келген тұрғындар екі ортада жүгірмей,  артық  шығынсыз бір жерден түсіп  кете алады. Ал, Шымбайдан қатынайтын болса, базарға келіп – кету жолы кемі 1200 теңгені құрайтыны хақ. 
«Шымбайдағы автовокзал бұрынғы автобус паркінің диспетчерлік орны болған. Одан қалды  ит арқасы қияндағы жер. Бүгін 10 адам әкелсем оның бәрі базарға  керек жарақтарын алуға келген тұрғындар. Ауыл адамдарының көбі қалаға   базар аралау үшін келеді. Өзіңізде ойланыңызшы,  ауыл автобусынан бөлек, тек таксиге ғана Шымбайдан  базарға 700 тг  барып, қайтарда 1000 тг қайтар ма едіңіз? Әкелген жолаушыларым сол базар маңынан   ауылға такси ұстап мініп кетулерін  шығарды.   Шымбай жақтан  ауылға  қайтуымыз   екі есе күрделірек. Өйткені, ауылға адам басына 300 тг ден билет болса, күні бойы тапқан азын аулақ ақшамыз бензинді, я   ішер тамағымызды  ақтамайды. Кішігірім тапқан табысымыз шығынымызды ақтамаған соң, әкімшілікке арыз жазып қайтадан базар  маңын тұрақтадық. Бұл жер тасымалдап әкелген мағанда, жолаушыға да тиімді. Жылы орнымызды қайтадан суытпай-ақ қойсын. Үкімет ендігі халық жағдайын ойлайтындай  уақыты келген шығар. Болмаса осы жақын жерден әкімшілік автовокзал ашып берсін» - дейді Бесарық ауылының жүргізушісі Бақытжан.
Біздің шаш ал десе,бас алатын билік автовокзалды жақын әрі халық көп орын тепкен жерден емес, Шымбай көшесіннен ашуына не себеп? Ол жақтың жағдайы страндартқа сай болмағандықтан,  халық көтеріліп қайтадан базар маңын аялдаған. Мына біздің сұм билік басындағылар екі ақшаның басын әрең қосып жүрген халықты сергелдеңге салғанымен қоймай, халық жағдайын ойламайтындығына тұрғындардың  өкпелері қара қазандай. 
Шынымен де, тасымалдайтын жүргізушілердің бір күндік табысы  мардымсыз, әрі жолын ақтамайтындығын аңғаруға да болады. 
 «Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының»  сөзінше автовокзал бүгінде   күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде деп сендірген болатын. Алайда, күрделі жөндеуден өтіп жатқан автовокзалды  көре алмадық?  Халықтың осы ескі базар маңын паналап, осы жерден жолға шығатынын білетін әкімдік осы жерде тиімді етіп, қолдануға ыңғайлы жағдай жасамай отырғандығына не себеп? Қала ауылдарына қатынайтын автобустардың бір жерде шоғырлануы қатынаушы үшін де қала тұрғындары үшін де ыңғайсыз «Ескі базар» маңы әрдайым кептеліс тудырып тұратындығы тағы бар. Осы орайда, автобекетті «Ескі базар» маңына орнықтыру және ыңғайластыру шаралары неге жүргізілмей отыр? Айдалада орналасқан автобекеттің халық үшін келіп кетер шығыннан басқа пайдасы болмай отырғандығын естен шығармаған да жөн болар. 
 
АЙБАР