Қызылордалық мүгедек ана 13 жыл бойы дүңгіршекті паналап келеді

3 075
Бүгін Алматы, Нұр-сұлтан қалаларында мүгедектер жаппай  наразылық білдіруде. Осы орайда, қызылордалық ІІ топ мүгедегі Яссауиева Марал да облыс әкімдігінің алдына келіп өз шағымын білдірді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 Баспана іздеп әркімнің табалдырығын тоздырған мүмкіндігі шектеулі жанның  мемлекет тарапынан берілетін үй кезегіне тұрғанын биыл 13 жыл болыпты. Маралдың айтуынша, мұқтаждардың емес таныстардың заманы болды дейді. Менен кейін үй кезегіне тұрған жандар баспаналы болса, мен әлі күнге дейін темір жол вокзалындағы дүңгіршегімді паналап жүрмін, деді.

Облыс әкімінің қабылдауына кіре алмай жүрген мүмкіндігі шектеулі жанның бұл жолғы өтініші де аяқ асты қалып отыр. Өңір басшысының іс-сапарда болуы басты себеп. Осы орайда:

«Мен қала әкіміне қаншама өтініш жаздым. Бәрі жауапсыз, нәтиже жоқ. Қала әкіміне үй мәселесіне қатысты жазған өтінішім собесге жолдана береді. Ал, ол жақтан тиісті шара көріліп жатқан жоқ. Үй кезегі кезек бойынша беріледі деген уәдеден әбден шаршадым. 13 жыл болды осы сөзді естіп келе жатқаныма, бүгін әкімдіктен көмек сұрап келіп отырмын. Оның үстіне жалғыз басты анамын. 12 жасар қызым бар. Балам үшін осында келіп отырмын. Қызым болмағанда, өзім үшін көмек сұрап әкімдікке келмес едім»,-деді Яссауиева Марал ІІ топ мүгедегі.

Алайда, облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі басшысы Айғараева Жазира Дайрабайқызы

«Біз сіздің жағдайыңызды толық біліп отырмыз. Облыс әкімінің кезекті қабылдауы, яғни 25 наурыз күні сізді өзім арнайы шақыртып, қабылдауына кіргіземін»,-деп кезекті уәдесін берген болатын. Нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз.



Ал, мүмкіндігі шектеулі жандардың шынымен де 13 жыл үй кезегінде тұруы адами тұрғыда санаға сыйымсыз дүние секілді. Себебі өзі жалғыз басты мүгедек ананың айтуынша, мүшкіл бола тұра барар жер, басар тауы болмаған мүмкіндігі шектеулі бір топ ауруын арқалаған жанның қанша ғұмыры қалғаны бір Аллаға ғана аян. Тіпті тиесілі үй кезегіне жете алмай о дүниелік болып кеткен жандар да қаншама деген болатын.

Айгерім РАХЫМЖАНҚЫЗЫ