Елімізде камераларға адамды бет-жүзі арқылы тану жүйесі енгізіледі

1 527

Фото: freepikБас прокурор Берік Асылов елімізде камераларға адамды бет-жүзі арқылы тану жүйесі енгізілетінін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.


Бас прокурор Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында сот төрелігінен жасырынған адамдарды іздестіру күшейтілетінін жеткізді. Айтуынша прокурорлар адамдар көп жиналатын жерлерде бейнебақылау камераларын бақылау арқылы 53 қашқынды танып, ұстау шараларын қабылдады.


Берік Асылов енді бұл жұмысқа жасанды интеллект те қосылатынын жеткізді. 


"Биыл тамыз айынан бастап Алматы мен Атырау қалаларындағы бейнебақылау камераларына біз қашқын қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткендерді автоматты түрде тану бойынша AI элементтерімен IT-әзірлемені қостық. Екі күн ішінде тергеуден жасырынған 2 адам және хабар-ошарсыз кеткен 2 адам танылды", – деді Берік Асылов.

Ол AI көмегімен камералар арқылы тіпті сыртқы келбеті қатты өзгерген адамдарды да тануға болатынын атап өтті. Енді барлық өңірлерде тұлғаны тану жүйесін енгізу тапсырылды.


Бас қадағалау органының мәліметінше, қазір 9 мыңнан астам адам іздеуде, оның ішінде 2,2 мыңы қылмыскер және 2 мыңы жоғалғандар.