Селфи жасамақ болған ер адам өзенге құлап кеткен
Астанада селфи жасамақ болған ер адам Есіл өзеніне құлап, құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында аман қалды.- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Оқиға елордадағы "Атырау" жаяу жүргіншілер көпірінің маңында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 1997 жылы туған ер адам алкогольдік мас күйде көпір үстінде селфи түсірмек болған кезде тепе-теңдігін жоғалтып, Есіл өзеніне құлаған. Оқиға кезінде су айдынын патрульдеп жүрген құтқарушылар жағдайды бірден байқап, көмек көрсетуге кіріскен. Зардап шеккен азаматқа алғаш болып жақын маңда жүрген серуен қайығының экипажы жеткен. Олар ер адамға құтқару шеңберін лақтырып, оны су бетінде ұстап тұруға және жағаға жақындатуға көмектескен.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару жасағы келіп, азаматты арнайы құтқару қайығына шығарып алған. Кейін ол құтқарушылар базасына жеткізіліп, дәрігерлердің қарауына тапсырылған. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адамның жағдайы тұрақты әрі қанағаттанарлық. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл оқиға су айдындарының маңында қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын тағы бір мәрте көрсеткенін атап өтті.
"Әсерлі сурет үшін өміріңізді қатерге тікпеңіз.Су айдындарының жанында қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Қоршаудан асырмаңыз және су жиегіне жақындамаңыз, әсіресе алкогольдік мас күйде болғанда",-деп ескертті ТЖМ.
Мамандардың айтуынша, мұндай бейқам әрекеттер ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.







