Білім саласына бөлінген қаржы – болашаққа салынған инвестиция- Нәлібаев

2 131

Фото: ашық дереккөзіҚаржылық ашықтық – сенімділіктің негізі

Білім – ел дамуының өзегі, ал оны қолдау мен дамытуға бағытталған мемлекеттік қаржы – болашаққа салынған инвестиция. Қоғам тарапынан «білім саласына бөлінген қаражат қалай және қайда жұмсалып жатыр?» деген заңды сұрақтар жиі қойылады. Қызылорда облысының Білім басқармасы бұл сұрақтарға нақты деректер мен ашық ақпарат арқылы жауап беріп келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Үнем – сапасыздық емес, ұтымды басқару

Алдымен айта кету керек, білім саласындағы үнем – сапасыз қызмет немесе қажеттілікті елемеу емес. Бұл – артық шығыннан бас тарту немесе тиімді жоспарлау нәтижесінде пайда болатын қаржылық оңтайландыру. Яғни, қажетсіз қызметтерге немесе оқу жылы ішінде өзектілігін жоғалтқан жабдықтарға бөлінген қаражат толығымен игерілмейді. Бірақ бұл қаржы ешқашан басқа салаларға бағытталмайды – ол қайтадан білім беру саласының өз ішінде басым бағыттарға бөлінеді.

Үнемделген қаржының нақты бағыттары:

1. Мектептерді жөндеу мен инфрақұрылымды жаңғырту

Соңғы үш жылда 24 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, оған 7,8 млрд теңге бағытталды. Сонымен бірге, 2,3 млрд теңгеге 79 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл – оқушылар мен ұстаздар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

2. Жаңа нысандар мен қосымша ғимараттар

Білім беру ұйымдарының тапшылығын азайту мақсатында 22,9 млрд теңгеге 12 жаңа ғимарат пен 6 мекемеге қосымша құрылыс салынды.

3. Заманауи білім құралдарымен қамтамасыз ету

Оқушылардың заманауи білімге қол жеткізуі үшін 3,5 млрд теңгеге пәндік кабинеттер, интерактивті панельдер, LED экрандар мен робототехника құрылғылары сатып алынды.

4. Қауіпсіздік мәселесі басты назарда

Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 2,1 млрд теңге бөлініп, бейнебақылау жүйелері, турникеттер мен дабыл нүктелері орнатылды.

5. Жылу жүйесін жаңарту және үздіксіз қамтамасыз ету

Қыстың қатты аязында да оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы орта болуын қамтамасыз ету мақсатында 861,6 млн теңгеге мектептердің жылу жүйелері жаңартылды.

6. Оқулықтармен толық қамту

2023 жылы – 1,7 млрд теңге, 2024 жылы – 1,8 млрд теңге, ал 2025 жылы – 1,9 млрд теңге оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға бағытталды. Бұл – сапалы білім беру жүйесінің негізі.

7. Ыстық тамақпен қамту аясын кеңейту

2022 жылға дейін тек жекелеген санаттағы оқушылар ғана тегін тамақпен қамтылса, 2023 жылдан бастап бастауыш сыныптар мен әлеуметтік осал топтағы балалар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа 2023 жылы – 8,9 млрд теңге, 2024 жылы – 9 млрд теңге, ал 2025 жылы – 9,3 млрд теңге бөлінген.

Білім сапасына бағытталған қаржы – ел болашағына салынған капитал

Білім басқармасының ұстанымы – қаржының әр теңгесі нақты мақсатқа жұмсалуы тиіс. Бұл қағидат мемлекеттік саясат пен қоғам алдындағы жауапкершілікке негізделген. Басқарма өз жұмысының әр кезеңінде қаржылық ашықтық пен қоғаммен кері байланысты басты қағида ретінде ұстанып келеді.

Бюджет – халықтың ақшасы. Сондықтан әр шешім мен әр бастама – қоғам алдындағы адалдық пен сенімнің өлшемі. Үнемделген қаржы білім беру сапасын арттыруға қайта инвестиция ретінде қайтып келеді. Ешбір теңге «асфальтқа» немесе өзге саланың құрылыс жобаларына бағытталмайды.

Қорыта айтқанда, Қызылорда облысында білім саласына бөлінген қаржының ашық әрі мақсатты түрде жұмсалып жатқаны – ел болашағы үшін жасалып жатқан нақты іс. Білім беру – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан да бұл саладағы әр инвестиция – ұлттың интеллектуалды капиталына қосылған үлес.

«Сенім – ашықтықтан басталады» деген қағидамен жұмыс істеп жатқан білім басқармасы алдағы уақытта да қоғаммен тұрақты байланыс орнатып, әр шешімді жария түрде бөлісіп отыруға дайын.