7 жасар бала аштықтан ауыр дертке шалдығып, ақыры мүгедек болып қалған
Алатау қаласына қарасты ауданда аштықтан ауыр дертке шалдығып, ақыры мүгедек болып қалған бүлдіршін анықталды,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жағдайы нашар отбасында еңбек етіп, табыс табар ешкім жоқ екендігін Almaty.tv арнасы жариялады.. Отағасы денсаулығына байланысты көшеге шыға алмайды, ал анасы 2 балаға қараумен әлек. Татьяна Чикинаның айтуынша, соңғы жылдары олар бір зейнетақыға қарап қалған, содан тұрмыстары күрт нашарлап кетіпті. Қаржы тапшылығынан кенжесі краббе ауруы, яғни ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігіне шалдыққан. Дер кезінде көмек көрсетпегеннің кесірінен 7 жасқа таяп қалған баланың физикалық жағдайы 4 жастағы баланікіндей дамымай қалған.
Алатау қаласында тағдыр тәлкегіне ұшыраған тағы бір отбасы бар. Кәмелетке толмаған 3 баласы бар жанұя қала шетіндегі шаруа қожалығындағы ескі вагонды пана етеді. Іші қараңғы, сыз тартады, адам көрсе шошитын көрініс. 15, 5 және 3 жастағы балалар мұнда анасымен және оның көңілдесімен тұрады. Білім алып жарытпағаны былай тұрсын, бозбала физикалық қорлық көрген. Жағдайды көзбен көрген құзырлы орган өкілдері әйел мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығына орналастырды.
Мұндай жағдайларды бақылауға алып, алдын алу үшін Алматы облысының прокуратурасы "Бақытты және қауіпсіз балалық шақ" жобасын қолға алып, мобильді топ құрып, 13 мыңға жуық әлеуметтік осал топтағы отбасын тексерген. Жұмыс барысында анықталған жанұяларға азық-түлік, көмір жеткізіледі.
Арнайы мобильді топ анықтаған қараусыз қалған бүлдіршіндер медициналық тексеруден өтіп, кейбірі ауруханаға жатқызылды. Прокуратура өкілдері мәлім еткендей, жұмыстар үнемі жүргізіліп, жағдайы нашар жанұялар үздіксіз бақылауда болады.