Қызылордалықтар жаңа көпірдің сапасына алаңдаулы

2 485
Облыс орталығын сол жағалаумен байланыстыратын дәнекер-көпірдің бүгінгі күні сапасы сыр берді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қала тұрғындарының айтуынша, сол жағалаудың көпірінен жүріп-тұруға қорқамыз, жол жиегіне орнатылған бетон үгетіліп, біріктірген жердің  арасы ашылып, шұрық тесік болғандығын жеткізді. 

Қаламыздағы көпірлерді күтіп ұстау үшін жылына 6 миллион қаржы қарастырылады екен. Алайда, жауапты мамандардың айтуынша аталған сомма әктеу, сырлау сияқты жұмыстардан артылмайтындығын жеткізді. 
Қаламыздың көркіне әр беретін өткелді «Мостоотряд-25» компаниясы салған, оның құрылысына 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Көпірдің жалпы көлемі төрт жолақты көлік жолы мен жаяу жүргіншілер жолағы берілген көпірдің ұзындығы – 387 метр, ені 22,4 метрден асып отыр. 


Облыс орталығындағы Сырдарияның екі жағалауын жалғаған көпір 2016 жылы Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен салынған. Оны ұмытпау үшін көпірдің оң жағына әкімнің аты жазылған тақтайша да орнатылған. 


Сол жағалауды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы 2013-2014 жылдары жасалған. 2014 жылы Мұратбаев көшесінің бойында қаланың оң жағалауын жаңа ауданмен байланыстыратын және Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінен тікелей қатынайтын жаңа көпірдің құрылысы басталды. Аталмыш көпір 2016 жылы аяқталып, пайдалануға берілген болатын.



«Мен осы сол жағалаудың тұрғынымын. Көлік көп қатынағандықтан осы көпір күннен-күнге ескіріп, тозып барады. Бұлай тұра берсе, алдағы уақытта көпірсіз қаламыз»,дейді Марал.

Осы жағдайға қатысты Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі:


«Жыл басында бақылау барысында тиісті мамандардың қатысуымен ақау актісі жасалып сметалық есептемесі әзірленді. 2022 жылға аталған ақаулықтарды жою және жыл көлемінде күтіп ұстау жұмыстары жүргізілетін болады.  Жақын арада көрсетілген кемшіліктерді қалпына келтіру бағытындағы тиісті жұмыстар ұйымдастырылатын болады», – деді басқарма басшысы Оспанов Бауыржан.

Естеріңізге сала кетсек, Сырдарияның сол жағалауындағы 1532 гектар аумақты алып жатқан жердің 367 гектары демалыс орындарына, 270 гектары әлеуметтік инфрақұрылымға, тағы 190 гектары сауда және кеңсе ғимараттарына беріледі. Жобаның инфрақұрылымдық бөлігіне 88 млрд теңге тартылатындығы да айтылып өткен еді.
 

АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ