Қызылордада үй алып беремін деген келіншек 60-қа жуық адамды алдаған
Қызылордада алаяққа алданғандар тергеудің баяу жүріп жатқанына шағымын білдірді. Себебі оларды алдаған келіншек әлі де бостандықтa, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Көпшілік полицияның күдікті келіншектің үстінен “ұрлық” дерегімен іс қозғағанына наразы. Дегенмен құзырлы орган өкілдері жеке деректерін бере салған тұрғындардың өздерін кінәлап отыр.
Алданғандардың бірі Асылжан Асқаров баспаналы болу үшін банктен төмен пайыздық мөлшерлемемен кредит алып беремін деген келіншекке сенген. Сол себепті әйелге өзінің ғана емес, отбасындағы бірнеше адамның жеке деректерін берген. Алайда атымыздан миллиондап қарыз алған келіншек ақыр соңы ізім-ғайым жоғалды дейді.
Алаяққа алдандық деген бір топ адам облыстық прокуратураға барып, шағымын білдірген. Сонда да тергеу созбалаңға салынып, күдікті әлі қамауға алынбаған. Оның үстіне кейбір жәбірленушілердің арызы бойынша алаяқтық емес, ұрлық бабымен іс қозғалған екен. Сондықтан қолымызға бір тиын тимесе де, банктер қарызды төлеу керек деп қыспаққа алып жатыр дейді.
Ал тергеушілер қазір алаяқтық бабымен тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал күдікті үй қамақта екен.
Тергеушілердің мәліметінше, тиімді несиеге қол жеткіземін деп алданған өзге де азаматтардан әлі де арыздар түсіп жатыр екен.







