Астана дәмханасында қайнаған май төгілді: даяршы қыз зардап шекті
Threads желісінде ShaurmaFood атты фастфуд желісінде түсірілген видео жарияланды. Онда асүй қызметкері қайнап тұрған майды официант қыздың арқасына абайсызда төгіп алған сәті бейнеленген. Видеоны жариялаған адам компания басшылығын жауапкершіліктен жалтарып отыр деп айыптады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кадрларда қайнаған май құйылған үлкен ыдысты алып келе жатқан аспаздың тайып құлап, майды қыздың арқасына төгіп алғаны анық көрінеді. Автордың айтуынша, жәбірленушінің арқасы іріңдеп кеткен, оған тері ауыстыру отасы қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ ShaurmaFood өкілдері жағдай үшін жауапкершілік алғысы келмей отыр деп жазды.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға қатысты екіге бөлінді. Бірі аспазды қорғап, оның бұл әрекетті әдейі жасамағанын айтса, енді бірі оны қатаң жазаға тартуды талап етті.
ShaurmaFood фастфуд желісінің иесі Дмитрий Инютин әлеуметтік желілерде бұл оқиға бір ай бұрын болғанын растады. Оның айтуынша, оқиғадан кейін бірден қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ата-анасымен кездесу өткен, емдеу шығындары толық өтеліп, қосымша өтемақы да төленген.