Ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден өтті

2 264

Фото: senate.parlam.kzҚасым-Жомарт Тоқаев ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Тоқаев әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Қарғалы ауылында дүниеге келген.

Ол Ленин комсомолы атындағы Рига азаматтық авиация инженерлері институтын “Авиациялық радио жабдықтарын техникалық пайдалану” мамандығы бойынша, Алматыдағы армияға, авиация мен флотқа жәрдемдесу ерікті қоғамының аэроклубын, сондай-ақ Ақтөбе азаматтық авиациясының жоғары ұшқыштар училищесін тәмамдаған.