Қызылорда облысы Қытайлық инвесторлармен ынтымақтастықты нығайтады

2 416

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіСыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Мархабат Жайымбетов, Қытай Халық Республикасының «Майжике Инвестмент Менеджмент», «Хуанрань Медикал», «Иньцзян Эко-Пром» компанияларының өкілдерімен бірге Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетімен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Іссапар барысында делегация мүшелері облыс орталығындағы әлеуметтік нысандардың, өндіріс орындарының жұмысымен танысып, олардың даму қарқынына оң бағасын берді. Атап айтқанда, өңірдің инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік әлеуеті, еңбек ресурстарының қолжетімділігі мен Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары шетелдік қонақтар тарапынан жоғары бағаланды.

Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Сапар қорытындысында Қызылорда облысы әкімдігі мен Қытайдың «Майжике Инвестмент Менеджмент» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар импортты алмастыруға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Болашақ жобалар экология, құрылыс индустриясы, және медицина салаларын қамтымақ. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық өсіміне серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде.

Қытайлық компаниялар өкілдері өз сөздерінде екіжақты сенімді қарым-қатынас пен бұған дейінгі бірлескен жобалар тәжірибесіне сүйене отырып, алдағы ынтымақтастықтың табысты болатынына сенім білдірді.

2,2 миллиард долларлық инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылды

Кездесу аясында делегация мүшелеріне жалпы құны 2,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын, ауыл шаруашылығы, химия және тау-кен өндірісі, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтитын инвестициялық жобалардың тизерлері ұсынылды.

Сонымен қатар, биыл Үкімет қолдауымен Қызылорда қаласында құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қонақтарға АЭА-ның тиімділігі, инвестициялық жобаларды орналастырудың артықшылықтары, мемлекет тарапынан көрсетілетін салық жеңілдіктері мен басқа да инвесторларға арналған преференциялар кеңінен таныстырылды.

Сыр өңірі – инвестиция үшін қолайлы аймақ

Қызылорда облысы бүгінгі таңда инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Халықаралық серіктестік, жаңа жобалар мен технологияларды тарту, өндірістік қуаттарды жаңарту және инновацияларды енгізу – өңір экономикасын әртараптандыру мен тұрақты дамытудың басты тетіктерінің бірі болып табылады.

Осы жолғы сапар мен қол қойылған меморандум – Сыр елінің халықаралық инвестициялық қауымдастықпен байланысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып саналады.