Семейде сапасыз алкоголь жасап келген өндіріс орны жабылды
Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіруді ұйымдастырған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол гаражда спиртті сумен араластыру арқылы алкоголь дайындап, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйған.
Тінту барысында заңсыз айналымнан «Finsky Ice» және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді, - деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Сот санкциясымен цех орналасқан жекеменшік тұрғын үйге және өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта аталған мүлікке қатысты шектеу шаралары күшінде. Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, іс бойынша қосымша қатысы бар тұлғалар анықталуда. Мамандардың айтуынша, мұндай заңсыз өндіріс тұтынушылардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді, себебі қолдан жасалған алкогольдің сапасы мен құрамы бақылаусыз болады.







