Ресейдің төтенше жағдайлар министрі адамды құтқарамын деп қайтыс болды

384
Ресей Федерациясының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі министрі Евгений Зиничев қайтыс болды деп хабарлайды РИА Новости.

Министр ведомствоаралық оқу-жаттығу кезінде адам өмірін құтқарамын деп мерт болған.

ТАСС дерегінше, Зиничев Ресейдің жеті өңірінің арктикалық аймағында оқу-жаттығуларды бастауға бұйырық берген.

РБК Telegram-каналаның мәліметінше, министр туралы соңғы хабарламаны ТЖМ баспасөз қызметі Мәскеу уақыты бойынша сағат 05:31-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08:31) жариялаған.

Ведомство таратқан ақпараттан Зиничевтің Краснояр өлкесінде жүргені белгілі болған. Ол өңір губернаторы Александр Усспен бірге Норильскідегі жаңа өрт бөлімшесінің құрылыс барысын тексеріп жүрген.

Айта кетейік, Евгений Зиничев 1966 жылы 18 тамызда Ленинградта дүниеге келген. Санкт-Петербург бизнес және құқық институтының экономика, қаржы және несие факультетін бітірген.

1984-1986 жылдары КСРО Қарулы күштері қатарында Солтүстік флотта мерзімді әскери борышын өтеген.

1987-2015 жылдары мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеген.

2013 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясында кәсіби қайта даярлаудан өткен.

Ал Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігін 2018 жылдың мамыр айынан бастап басқарған. Зиничев Қауіпсіздік кеңесінің құрамына да кірген.