89 318 теңге: Депутат президенттің ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін өсіру туралы ұсынысымен келіспей отыр

423

Халық партиясының мәжілістегі депутаттары президенттің ең төменгі жалақы алпыс мың теңге болсын дегенімен келіспей отыр. Бүгін мәжілісмен Ерлан Смайылов Қазақстанда бір адамның қажеттілігіне алпыс мың емес, кемінде сексен тоғыз мың үш жүз он сегіз теңге керек екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Смайылов біздегі ең төменгі жалақыны есептегенде Еуропадағыдай азаматтың өзінің ғана емес, отбасы мүшелерінің де қажеттіліктерін ескеруіміз керек дейді. 

Депутат қоғамды зерттеу институтының жүргізген сауалнамаларына сүйеніп ең аз айлық сексен тоғыз мыңның үстінде болсын деп отыр. Өйткені сауалнама нәтижесінде бір қазақстандықтың күн көруіне ай сайын осыншама ақша қажеттігі белгілі болған. Депутат ең төменгі жалақы Қазақстанда неге үш жылда бір-ақ рет өсетініне таңғалады. Ең аз айлықты Президент араласпай-ақ, Үкімет өзі жыл сайын іске асыруға міндетті дейді.

Смайыловтың айтуынша, Ұлттық экономика мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шарасыз отырғанда халықтың көбі одан сайын кедейленіп барады. Ең төменгі жалақыны өсіру үшін халықаралық еңбек ұйымының мың тоғыз жүз жетпісінші жылы қабылдап қойған конвенциясын ратификациялауымыз керек деп отыр. Ол конвенцияда ең төменгі айлық алатын азаматтың тек өзі ғана емес, отбасы мүшелерінің де қажеттіліктері есептеледі.

“Конвенцияда ең төменгі айлық алатын азаматтың барлық отбасы мүшесінің ай сайынғы қажетілікттері есептелген. Сондай-ақ сол мемлекеттегі өзге де жалақының көлемі ескеріледі. Одан бөлек өмір сүру құндылығы мен әлеуметтік жәрдемақы да есепке алынады. Осы конвенцияны Қазақстан бұрыннан ратификациялауы керек еді. Қазір де кеш емес. Егер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ниет танытпаса, біз қолға алуға дайынбыз”, – дейді депутат. 

Экономист Сапарбай Жұбаев Еуропадағыдай көп айлық беретін болсақ, одан сайын жемқорлық жайлап, экономикамыз құлдырайды деген пікірде. Әсіресе белгілі бір айлыққа келісіп, бірақ базаға ең төменгі айлық алатын қылып көрсететін кәсіпкерлер көп салық төлемеуі үшін түрлі амалдарды ойлап табуы мүмкін.

Экономист келер жылдан бастап ең аз айлық алпыс мың теңгеге көтерілгеннен барлық халықтың ұрты майланып кетпейді дейді. Егер жыл сайын инфляция өсіп, күн сайын қымбатшылық қысатын болса алпыс мың емес, жүз жиырма мың қылса да пайда жоқ деп отыр.

“Өркениетті мемлекеттерде сағатына мәселен алты доллардан төлейсің дейді, болды! Сен бір сағат істедің ба, он сағат істедің ба, жүз сағат істедің ба олар саған сағатына алты болса күніне 48 доллар, айын 3 мың доллар беруі керек. Ең кемі! Ал біз 3 мың доллардан беретін болсақ біздің сонда бүтін экономикамыз тоқтап қалуы мүмкін”, –дейді экнономист. 

Депутат Ерлан Смайылов ең төменгі айлықты көтерудің екі жолын ұсынады.

Бірінші: халық не тұтынады, соны айлықтың шығынына қосу керек. Екінші: Кейтц индексін қолдану. Яғни ең аз жалақы мен орташа жалақының көрсеткішін есептеу. Мысалы, Еуропада ең төменгі айлықты ең аз төлейтін мемлекет Белорусь: алпыс алты мың үш жүз жиырма жеті теңге. Ең көп төлейтін Люксембург: бір миллион екі жүз жеті мың жүз елу сегіз теңге. Ал орташа есеппен көз жүгіртсек Еуропада ең төменгі жалақы төрт жүз елу мың теңгеден асады. Дәл мұндай сома болмаса да Ерлан Смайылов біздегі ең аз айлық тоқсан мыңға жуық болғанын қалайды.

Егер бұл бастаманы жауапты министрлік қолға алмаса, Халық партиясының депутаттары кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, заңдастыруға дайынбыз деп отыр.