Заңсыз баю дерегі анықталды: ондаған мүлік пен көлік сатып алынған

1 505

Фото:© depositphotos.comҚаржылық мониторинг агенттігі дәрі сатып алу кезінде залал келтіру дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Massaget.kz сайтынан сілтеме жасап.

"Интерфармсервис" ЖШС - Қазақстан аумағында Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрінің дистрибьюторы әрі жалғыз жеткізушісі, компания бес жыл бойы дәріні еліміздің медициналық ұйымдарына жеткізіп отырған. Өндіруші бұл препараттарға шекті баға белгілеген. Алайда компания басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынышты компанияны қосып, сол арқылы жалған мәміле жүргізген. Осы схема арқылы препараттардың бағасы қолдан өсіріліп, олардың нақты құны жасырылып, заңсыз пайда түскен.

Салдарынан мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келген. Салық төлеуден жалтару мақсатында серіктестік басшылығы жеке кәсіпкерлермен жалған келіссөз жасап, жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қаражат шығару схемасын ұйымдастырған. Соның салдарынан 4 млрд теңгеден аса қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Компания 637 млн теңгеден аса мөлшерде салық төлеуден жалтарған. Заңсыз баю нәтижесінде кәсіпкерлер 32 пәтер, 11 көлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Бұл мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.

Екі күдіктіге үйқамақ түріндегі, үшіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір тараптар қылмыстық іс материалдарымен таныса бастаған.