АЛМАТЫДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН СТУДЕНТ ҚЫЗ ЗОРЛЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ
Алматы қаласында кәмелетке толмаған студент қыздың басынан өткен жан түршігерлік оқиға қоғамның жағасын ұстатты. Белгілі журналист Руслан Өтепбайдың YouTube-арнасында жарияланған жазбадан кейін бұл іс жұртшылықтың назарына ілікті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Оқиға 2025 жылдың 18 қыркүйегінде орын алған. Ол кезде бойжеткен 16 жаста болған. Алайда, бұл істің сотқа жетпей, осы уақытқа дейін 3 рет қысқартылып кеткені жығылғанға жұдырық болып отыр.
Бұл оқиғаның кейіпкерлері – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты Сунақата ауылының тумалары. Бір ауылда өскен сыныптастардың арасында мұндай сұмдықтың орын алуы ауыл тұрғындарын да шошытып отыр. Ең сорақысы және масқарасы, ауыр қылмыс жасады деп айыпталып жатқан күдікті жігіт дәл қазіргі уақытта ауылында тайраңдап, бостандықта жүр. Сұмдық жағдайдан кейін де күдіктінің заң алдында жауап бермей, емін-еркін жүруі жәбірленуші тараптың ғана емес, бүкіл халықтың ашу-ызасын тудыруда.
Бойжеткеннің айтуынша, бәрі сыныптасының оған хат жазып, кездесуге шақыруынан басталған. Сыныптасы дос баласымен бірге қызды колледжінен алып кетіп, Сайран шағын ауданындағы аулалардың біріне апарған. Осы жерде сыныптасы ішімдік ішуге ой тастаған. Қыз басында қарсы болған. Бірақ сыныптасы қоймай үгіттеген. Сол кезде ол тек сыра ішетінін айтып, келіскен. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерге заң бойынша алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынғанына қарамастан, олар «Жансая» дүкенінен «Қызылжар» арағын емін-еркін сатып алған. Одан кейін жігіттер жалдап тұратын пәтерге бет алады. Пәтерде тағы бір дос баласы болған.
Төртеуі бірге отырып ішімдік ішкен. Екінші шөлмек арақ құйылғаннан кейін, бойжеткен есінен толықтай айырылып қалғанын айтады. Бұдан кейінгі оқиғалар қыздың есінде үзік-үзік естеліктермен ғана қалған.
Бірінші рет есін жиғанда: Қасында Бекзат есімді сыныптасы жалаңаш жатқан. Қыздың үстінде ешқандай киім болмаған. Содан кейін қайтадан есінен танып қалған.
Екінші рет есін жиғанда: Жуынатын бөлмеде оны екі жігіт бірі – Бекзатхан, екіншісі – бейтаныс бала үстінде киімі жоқ күйде қолынан ұстап тұрған.
Үшінші рет есін жиғанда: Ол Бекзатханның өзіне қарсылықсыз, еркінен тыс жыныстық қатынасқа түсіп жатқанын көреді. Қыз бар күшін салып, жігіттің оң жақ кеудесінен тепкен. Алайда, айуандық әрекетке барған күдікті оның аяғын қысып ұстап, денесіне қатты соққы бағыттаған, қыздың болжамы бойынша, қолымен ауыр соққы жасаған. Осыдан кейін бойжеткен тағы да есінен танып қалады.
Қайтадан есін жиған бойжеткен жүрегі айнып тұрғанын айтып, жуынатын бөлмеге апаруын өтінеді. Осы сәтті пайдаланып, ол пәтерден сыртқа қарай қашып шыққан. Дәлізге шығып, көршілердің есігін ұрып, шырылдап көмек сұрайды.
Сыныптасы оны қайтадан пәтерге сүйреп кіргізбек болғанда, қыз жанұшыра қарсылық танытып, еденге отырып алған. Шуды естіп сыртқа көршілер шыға бастаған сәтте, қорыққан Бекзатхан оқиға орнынан қашып үлгереді. Көршілердің бірі шошынған қызды үйіне кіргізіп, киіндіріп, дереу полиция қызметкерлерін шақыртқан. Бұл бойжеткеннің айтуы бойынша.
Ал екінші тараптың, яғни сыныптасы мен оның отбасының уәжі мүлдем басқа арнада. Күдікті жігіттің айтуынша, олар досымен бірге TikTok желісінде тікелей эфирде отырған көрінеді. Сол кезде қыздың өзі жазып, хабарласып, кездесуге шақырған. Сондай-ақ, ішімдік ішуді де қыздың өзі ұсынғанын алға тартады.
Жігіттің айтуынша ешқандай жыныстық қатынас болмаған. Анасы ештеңе болмағанын сараптама дәлелдеп бергенін алға тартады.
Жәбірленуші тарап бірден арыз жазып, қылмыстық іс қозғалғанымен, бұл істің айналасында үлкен сұрақтар туындап отыр. Құзырлы органдардың мәліметінше, қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-тармағына Кәмелетке толмағанын біле тұра зорлау дерегіне сәйкес қаралып жатыр. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, бұл бап бойынша өте ауыр жаза 3-1, 3-2 тармақтарда көрсетілгендей 15 жылдан 20 жылға дейін не өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған.







