«Комаға түсіп, оянбаған»: Жұбайы мен сәбиінен айырылған ер адам фельдшерді кінәләп отыр
Ақтөбелік ер адам фельдшердің біліксіздігінен әйелі мен жаңа туған сәбиінен айырылып қалды деп отыр. Ол жүктілік кезінде әйелінің денсаулығында еш кінәрат та, шағымы да болмаған. Бәрі фельдшердің салған инесінен кейін басталған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Sn.kz сайтына сілтеме жасап.
Қара жамылған Руслан Сырлыбаевтыңтың айтуынша, жұбайы дәрігерге тұрақты түрде қаралып, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Тек үш апта бұрын жүктілігінің жеті айлығында әйелдің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем қызметін шақыртыпты. Фельдшерлер дәрі беріп, екпе салды. Содан кейін жағдайы күрт нашарлап кетті дейді.
Марқұм Айжан Аязбаева ауруханаға ауыр халде жеткізіліп, кесарь тілігімен босанды. Кейін екі апта өткен соң көз жұмған. 10 күннен кейін шақалақ та шетінеп кеткен. Дәрігерлер науқасқа пневмония деген диагноз қойыпты. Екі бірдей жақынынан айырылған отбасы қос қазаға жедел жәрдем қызметкерлерінің біліксіздігі себеп деп отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері тексеріс бастапты. Ана мен бала өлімінің нақты себебі соның қорытындысынан кейін белгілі болады дейді.
Руслан Сырлыбаев отбасымен Атыраудан Ақтөбеге қоныс аударғанына небәрі төрт ай болған екен. Шетінеп кеткен сәби отбасындағы үшінші бала болған. Екі бала қазір анасыз қалды. Үлкені 18-де, кішісі жоғары сыныптың оқушысы. Марқұмның жақындары құзырлы органдарға шағымданып, кінәлілердің тиісті жазасын алғанын қалайды.
Бұған дейін Шымкентте жүкті әйелдің сәбиі жатырда жатып шетінеп кеткен еді.







