Жалағаш ауданында референдумда дауыс беруде үлгілі отбасылар белсенділік танытты
«Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінің лауреаты Бектаевтар отбасы ортақ істе белсенділік танытты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Еңбек ардагерлері Төлеміс Бектаев ақсақал мен Сәнімкүл Әшірбекова әжейдің шаңырағынан 11 перзент өрбіген. Ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы ерен еңбегі үшін Жалағаш ауданының Құрметті азаматы атанған Төлеміс ақсақал «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Батыр ана Сәнімкүл Әшірбекова қажырлы еңбегі үшін «Халықтар достығы» орденін иеленген.
Бектаевтар әулетіндегі 11 баладан 43 немере, 66 шөбере және екі шөпшек тараған. Бұл әулеттің үлкен-кішісі еңбектің қадірін біледі және оны барша игіліктің бастауы деп санайды.
Облыс халқының белсенділігі жоғары болды. Қызылорда облысы бойынша – 76,15%, Ақтөбе облысы – 68,41%, Қостанай облысы – 67,57%, Алматы облысы – 64,09%, Батыс Қазақстан облысы – 60,82%, Атырау облысы 56,61%-ды көрсетті.
Негізі дауыс беруге хақылы азаматтардың 50 пайыздан астамы референдумға қатысса, заң жүзінде өтті деп есептеледі. АЭС референдумы 6 қазанда сағат 14.00-де ресми түрде «өтті» деп мойындалды. Өйткені, осы уақытта жалпы халықтың 51,77%-ы АЭС құрылысы бойынша референдумда өз таңдауын жасап үлгерген.
Президент Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиістігін айтты. Осылайша, Қазақстан өз тарихында маңызды кезеңдердің біріне жол қалады деп айтуға толық негіз бар.
Референдумда Қызылорда мен Түркістан өңірінің тұрғындары белсенді. Осы уақытқа дейін азаматтардың 70 пайызы өз таңдауын жасады.
Дауыс беру күні 45 инватакси қызметі жұмыс жасайды. Оның 16-ы Қызылорда қаласында, 29-ы аудандарда.
Қажеттіліктерге қарай учаскелерде 48 ымдау тілінің маманы қызмет атқарады. Сондай-ақ, 72 учаскеде 105 азаматқа Брайль қарпімен жазылған трафереттер қолжетімді.
Референдум күні облыс бойынша 492 380 азамат дауыс беруге құқылы.
Аймақта азаматтардың учаскесін анықтауға арналған 179 онлайн сервис қызмет жасауда. Барлығында «егов» арнайы сервистері қамтылған.
6 қазан – республикалық референдум. Маңызды күнде Қызылорда өңірінің азаматтары дауыс беруге белсенді қатысуда.
Дауыс беру күніне дейін өзге өңірден келген немесе басқа да себептермен өз учаскесінен тыс жерде дауыс беруге ниет білдірген азаматтар учаскелерден есептен шығару куәліктерін алды.
Аймақта 165 азамат есептен шығару куәлігін алуға өтініш жазған. Оның 87-і Қызылорда қаласынан, 78-і аудандардан алған.
Сондай-ақ, азаматтарды уақытша тіркеу қызметімен айналысатын 5 онлайн учаске бар.
Облыста 380 референдум учаскесі жұмыс істейді. Мұнда 2652 комиссия мүшелері қызмет атқарады.
Жалағаш кенті, М.Шәменов көшесінің тұрғындары бірліктің үлгісін көрсетіп, өздеріне қарасты №153 референдум учаскесіне барып, таңдауларын жасады.
Саяси науқан күні некесін қиған жастар дауыс берді.
Жалағаш ауданы Аққұм ауылында орналасқан №147 дауыс беру учаскесіне референдум күні некесін қиған жастар - Нұртуған мен Меруерт Жүніс, Жаңаталап ауылдық округінде орналасқан №141 дауыс беру учаскесіне Бақытбек пен Айзере, Мақпакөл ауылдық округіндегі №142 дауыс беру учаскесіне Жандос пен Шаттық келіп дауыс берді.
Нұрмағанбетовтер әулеті өз таңдауын жасады.
Бұқарбай батыр ауылында референдум учаскесінде бұқарбай батырлық дауыс берушілер белсенді түрде өз таңдауларын жасауда. Олардың қатарында сол елдің қазыналы қарты Қ.Нұрмағанбетов те бар.
Ауыл ақсақалы саяси науқанға барлық отбасы мүшелерімен бірге келіпті. Осындай өнегелі отбасының референдум барысында төбе көрсетуі де кейінгі жастарға үлгі деуге әбден болады.
– Ел ішінде өте маңызды республикалық референдум болып жатқанда өз таңдауыңды жасауға асықпау, бұл азаматтық парызды орындамау деп ойлаймын. Мен осы жасыма дейін елдегі елеулі істерден тыс қалып не болмаса бейжай қарап отырмадым. Өйткені мен үшін елдің ертеңі маңызды.
Жалпы, бірлік бар жерде тірлік боларын ауылдағы ағайын жақсы біледі. Сондықтан мен де ел ақсақалы ретінде әрбіріңізді референдум барысында белсенділік танытуға шақырамын – деген Қабылбек атамыз ақ батасын берді.
Елдің жайын елден бұрын ойлайтын, жастардың болашағы үшін қам жейтін қазына кеуде қарияның бірауыз пікірі, өркениетке тағы бір қадам жасалмақ деген салмақты сөзі біздің көңілімізге дем беріп, күш-жігерімізді шыңдады. Айта кетейік, Бұқарбай батырдағы референдум барлық талаптарға сай өтуде.
Наурызбаевтар отбасы немерелерімен келіп дауыс берді.
Аудан көлемінде орналасқан референдум учаскелеріндегі жиналған жұрттың қарасы қалың. Осыған қарап тұрғындардың мемлекет болашағына бейжай қарамайтынын түсінуге болады.
Жергілікті тұрғындардың барлығы осында өз таңдауын жасауға келуде. Әрине, елдің ертеңі үшін дауыс беруге асыққан ағайынның бұл қадамы өнегелі іс. Десе де кейінгі буынға үлгі болған жағдай Наурызбаевтар отбасының саяси науқанда төбе көрсеткені еді.
«Келешек ұрпаққа өнегелі іс қалдыруымыз керек. Бүгінгі саяси науқанға отбасымызбен келуіміздің себебі де осы» дейді отбасы мүшелері.
Ардагер ұстаз өз таңдауын жасады.
№129 референдум учаскесіне ұлттық киіммен келген ардагер ұстаз Әбілхайыр Ералиев пен жары Жақсыгүл Құрақбаева өз таңдауларын жасады.
Ел болашағы үшін әрбір саяси науқаннан қалыс қалмайтын қарттарға арнайы сыйлық үйлестірілді.
«Батыр Аналар» ансамблінің әжелері референдумда өз таңдауларын жасады.
Ауылдағы медениет үйінде орналасқан №149 дауыс беру учаскесіне әндетіп келген әжелер осылайша жерлестеріне үлгі болды.
Ауылдағы «Батыр Аналар» ансамблі 1988 жылы ХІХ Партия конференциясының қарсаңында партком хатшысы Кеніш Жұмалиева, оқу ісінің үздігі, зейнеткер Балтабаева Орынкул, совхоз директоры Еспанов Ұзақ, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Садықова Балдай, ауылдық мәдениет үйінің директоры Сейдуллаева Зоялардың ақылдасуымен 19 Батыр анадан құрылып, ең алғаш концертін 1988 жылдың 7 наурызында ауылдық мәдениет үйінде қойды. Мұнан кейін көршілес Жаңадария ауылынан бастап Ақарық, Бұқарбай батыр, Ақжарма, Аққұм, Шаған, Мырзабай, Мәдениет, Жаңаталап ауылдары мен аудан орталығына концерттік іс-сапармен шығып, өз өнерлерін көрсетті. Ансамбілде Бұрышова Айнагул, Каукенова Набира, Есімова Жанымкул, Толыбаева Әдеп, Аяпова Ақзереп, Итенова Қантай, Бексейтова Жұмакул, Жұмағулова Абаштар қазақ халық әндері мен қатар өзге ұлт әндерін әуелете орындаса, Жалғасбаева Зәпен қазақ билерін биледі, ансамбіл жетекшісі Жұбатханова Рахия өзбек, сыған,үнді билерін бабына келтіре орындады. Асамбіл құрамындағы Тоқабаева Дәркул, Нұрханова Рая, Жаңабаева Гулсімдер түрлі көріністер мен интермедиялар көрсетті. Ансамбіл құрамы толығып, 26 ға жетті.
«Батыр Аналар» ансамблінің қазіргі құрамы өз қолдарынан келетін ұлттық нақыштағы өнерлерін балаларға үйретуде. 26 анадан құрылған «Батыр Аналар» ансамблінен қазіргі таңда 16 батыр ана немере-шөбере сүйіп отыр. 2018 жылы «Батыр аналар» ансамблінің 30 жылдық мерейтойы үлкен көлемде аталып өтілді.
Еңсесін тіктеген Еңбек елді мекендегі жұртшылық саяси науқанды ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Әсіресе таңдауын жасап, ел ісіне атсалысуға асыққан бір топ алтын құрсақты аналар көрген көзді сүйсіндірді. Отыз жылдан астам тарихы бар «Батыр аналар» ансамблінің әрбір мүшесі өз даусының маңызды екенін жақсы біледі. «Ел ертеңі үшін жасалған әр істе тек бірлік керек» деген ақжаулық иелері ізгі тілектерін жаудырып қоя берді.
Иә, төл өнерді дәріптеп, қазақы салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген аналар ансамбілінің аудандағы алар орны ерекше. Әсіресе мәдениет саласының көш ілгері болуына үлкен үлесін қосты. Қазіргі таңда 14 ана батыр аналардың осы жолдағы жұмысын жандандырып, өнерді өрге сүйреді.
Алтын құрсақты аналар өз дауыстарын берді.
Ақсу, Жаңаталап ауылдық округіндегі көпбалалы, алтын құрсақты аналар республикалық референдумға атсалысып, өз таңдауларын жасады.
Елді мекендердегі дауыс беру учаскелеріне бір мезетте, ұлттық киіммен келген аналар осылайша жерлестеріне үлгі болды. «Референдумның маңыздылығын ескергендіктен, барлығымыз бірге дауыс беруге келдік. Мақсат, абырой ортақ болса, кез келген белесті бағындыруға болады. Бұл жолда тек қана сәттілік тілейміз» деген алтын құрсақты аналар ел ертеңі үшін жасалған әр істе тек бірлік керек деген ойларын жеткізді.
Айта кетейік, Еңбек ауылындағы №149 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 7.00-де өз жұмысын бастады. Дауыс беруге бірінші келген ауылдағы ең қарт сайлаушы Әбдіғаппар Ысқақов батасын беріп, өз таңдауын жасады. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы қазыналы қариялар саяси науқанда белсенділік танытуда.
Еңбекте 724 дауыс беруші бар, оның 11-і 18 жасқа енді толса, жалпы дауыс берушілердің 87-сі – қарт кісілер. Ал жетеуі үйден дауыс береді.
Тәжік-Ауған соғысының ардагері өз таңдауын жасады
№129 учаскелік референдум учаскесіне таңсәріден дауыс беруге келген халықтың қарасы қалың.
Аудан тұрғындары маңызды саяси науқан республикалық референдумда өз таңдауларын жасады. Солардың бірі – Тәжік-Ауған соғысының ардагері Нұрболат Мұхтарұлы.
Айта кетейік, аталған учаскеде дауыс берушілер саны – 1913 болса, оның 261-і өз таңдауын жасап үлгерген.
Кент ардагері Асқар Астанақұлов алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
Жалағаш кенті №132 референдум учаскесінде тұрғындар белсенділігі жоғары. Таң атысымен учаскеге жиналған азаматтар бүгінгі науқанның еліміз үшін маңыздылығын жақсы түсінеді. Жастармен қатар референдумда қарт кісілер, ардагерлеріміз де дауыс берді.
Республика көлемінде бастау алған референдумда алғашқылардың бірі болып келген кент ардагері Асқар Астанақұлов №132 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.