Екібастұзда мұғалімді митингіге шыққаны үшін жұмыстан шығарып жіберген
347
Павлодар облысы Екібастұз қаласының №24 мектеп мұғалімі Олжас Жанабилов митингіге шыққаны үшін полиция тарапынан қорлық көріп, мектептен қуылғанын айтады. Алайда мектеп әкімшілігі бұл ісін еңбек шартының аяқталғанымен түсіндірген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Олжас Жанабилов бұл мектепке тура бір жыл бұрын 2021 жылдың 18 қаңтарында кірген. Бір жылға еңбек келісімшартын жасасқан.
4 қаңтарда қала орталығында болған митингіге шығып, видеокамераға түсіп қалған Олжасты 10 қаңтарда полиция бөлімшесіне алып келеді. Сол жерде бір тәулік ұстайды. Ұрып-соғып, боғауыз сөздер айтады, қысым көрсетеді. Нәтижесінде санкцияланбаған митингіге қатысты деп айыппұл салып, қайтарады. Полиция бөлімшесінде болған кезде мұғалімге қызметкерлер енді жұмысыңнан айырыласың деген екен.
Еңбек кітапшамды беріп, шығарып салды
“14 қаңтарда мектеп директорынан хабарлама келді. “Еңбек келісімшартының бітуіне байланысты” жұмыстан шығарылатынымды білдім. 17 қаңтарға дейін жұмыс істедім. Бұйрықты қол қою үшін берді, бірақ оқуға берген жоқ. Алайда мен оны фотоға түсіп үлгердім.
Ресми түрде мені осы себептен шығарып тұр. 10 ақпанда полиция бөлімшесінде маған енді жұмыс істемейсің деп айтқан еді, сондықтан бұған митингіге шығуым себеп болды деп есептеймін. Мені бір жыл келісімшарт аяқталған соң жұмыстан шығарып жібереді деп ойлаған жоқпын. Бірақ еңбек кітапшамды беріп, шығарып салды”, – дейді Олжас Жанабилов.
Айтуынша, жұмыстан босату туралы арызды өз еркімен жазғанша, мектеп әкімшілігіне осылай шығару ыңғайлы болды. Алайда бір күн өткен соң Олжас Жанабиловқа мектептен хабарлама келіп, арыздың жойылғанын, мектепке қайта келуге болатыны туралы хабар келген. Ал Павлодар облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Олжас Жанабиловтың қайта жұмысқа шығатынын айтып отыр.
“Иә, мектеп директорының бұйрығына сәйкес жұмыстан босатылған. Бұл жерде тек еңбек қарым-қатынасы. алаңға шығудың ешбір қатысы жоқ! Бұл мәселеде де мұғалімнің азаматтық позициясы, ішкі ойы немесе бөлек пікірде болғаны, не болмағаны сияқты ешбір себеп жоқ! Бірақ жас маманның сағын сындырмай, еңбек етіп, жалақы алып, отбасына ие болып, әрі қарай жоғары білікті мұғалім ретінде қалыптасуына, өсуіне жағдай жасайық, қарайласайық деген оймен әріпестер райынан қайтты. Олжас мұғалім ретінде қайта жұмысына кіріседі”, – деді ол.
Мұғалімнің сөзіне қарағанда, ол бейбіт митингіге шыққан. Елдегі қымбатшылық мәселесін көтеру, жаңаөзендіктерді қолдау мақсатында алаңға барған.
Митингіге шыққанда айыппұл салады, соққыға жығады деп мүлде ойламадым. “Естуші мемлекет” бар екеніне сендім дейді ол.
Полиция қызметкерлерінен қорлық көргенін Олжас жасырмады.
“Полиция ұрып-соқты, тамақ бермей ұстады, “бұтыңа си” деп дәретханаға жібермеді. Қатты ашуландым. Неге “мұндай қарым-қатынасқа лайықтымын” деп ойладым. Жан-жақтан психологиялық қысым жасалды. Қылмыстық іс ашамыз деп қорқытты. Өзіме бұл оқиға қатты әсер етті”, – дейді Жанабилов.
Ол митингіге 4 қаңтарда 15 минутқа шықтым деп отыр.
“Митингіге өз жеке мәселеммен емес, халық үшін шықтым. Мен бұл жиынды митинг деп те сезінбедім. Себебі оған тән емес еді. Әкімнің халықпен әңгімесі сияқты көрінді. Қала басшысы жеке проблемалары туралы айта бастағанда кетіп қалдым”, – деп есіне алды ол.
“Полиция бөлімшесінде бір тәулік ұстады, тамақ бермеді”
Қасымдағы ішімдік ішкен адамдарды “мас күйде жүрген” деген күдікпен алып кетіп жатты” дейді ол.
Оның сөзінше, митингіге шыққаннан кейінгі күндері оны полиция бөлімшесіне алып кеткен.
“Маған полициядан хабарласты. Екі жігіт құжаттарын көрсетті. Бөлімшесіне барамыз деді. Әрине, құқық қорғау органдары болған соң бардым. Жолда қызметкерлер менімен жап-жақсы сөйлесті, жұмыс туралы сұрады.
Полиция бөлімшесіне артқы жағынан кірдік. Кірген бойда олар өзгеріп сала берді. Мені алып келген кісілер жоқ болып кетті. 5-6 адам маған сөзбен “шабуыл” жасады. “Не істеп жүрсің? Бізге қарсы шыққың келді ме?” деді. Мен ойымда ондай нәрсе болмағанын, бейбіт митинг үшін шыққанымды айттым”, – дейді Олжас Жанабилов.
“10 күні кешке жақын алып кетті, 11-і күні шықтым. Басымды қабырғаға тақап, аяғымның арасын алшақ ұста деген сынды бұйрықтарын берді. Содан соң мені ұрып-соға бастады. Мұндайды бірінші рет көрген соң ештеңе істей алмайды екенсің, құқығыңды да айта алмай қаласың. Тек қана ұрып-соғып біткенін күту ғана қалады. Кім ұрғаны белгісіз. Басымды көтере бергенде, жұдырықпен соққы алдым. Қолтықтың астынан, бүйректен, аяқтан ұрды.
Кабинетке кіргізіп, “тез, тез, қол қой” деп асықтырып, ақ қағазға “барлығын оқыдым, қабылдадым” деген жазу жазғызды. Одан соң оңға, солға қаратып, дәл қылмыскерлер сияқты суретке түсірді. Менің түсінгенім бойынша, митингіге шыққандарды “халыққа қауіпті” деп таныды”, – дейді ол.
Айтуынша, қамауда болған кезде тамақ бермеген. Көп болса су берді. Айып тағылды. Митингіге қатысқаны үшін 91 800 теңге айыппұл төлеген.