Жаңақорғандықтар 3 млн теңгеден астам қаржыға мемлекеттік ту сатып алмақ

1 271

Фото:  Svet fotoҚызылорда облысының Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімі 2 677 457 теңгеге 421 дана мемлекеттік ту сатып алуға тендер жариялады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап. 

16 қыркүйек күні Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімі "Мемлекеттік рәміздерді сатып алу" деген тақырыппен тендер жариялаған. Тендер жеңімпазы 23 қыркүйек күні анықталады.

Мемлекеттік сатып алудың техникалық сипаттамасында жаңақорғандықтар көлемі 1х2 метр - 413 дана, көлемі 1,5х3 метр - 4 дана, көлемі 2х4 метр - 4 дана, барлығы 421 дана мемлекеттік туды сатып алғалы отырғаны анық жазылған.

Сондай-ақ мемлекеттік тудың негізгі көрсеткіштері мен сипаттамалары 988-2007 стандартына сәйкес болуы, мемлекеттік тудағы күн, қыран және ұлттық ою-өрнектің түсі Pantone түстер каталогындағы №102 талабына сай келуі керектігі көрсетілген. Тендер жеңімпазы келісім-шарт жасалған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде тауарды Жаңақорған кентіне жеткізіп беруге міндетті.

2 677 457 теңгені 421 данаға бөлсек, әр тудың бағасы 6 мың теңгеден сәл ғана асады. Анау айтқандай тым қымбат емес. Бірақ, бізді "Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөліміне 421 дана мемлекеттік ту не үшін қажет болып отыр?" деген сауал мазалайды. Қазақстан жұртшылығы алда, 25 қазанда Республика күнін, 16 желтоқсанда Тәуелсіздік мерекесін тойлады. Ал ол мерекелерге осыншама көп тудың қажеттілігі бар ма?

Жаңақорғандықтар бюджеттің қаржысына мемлекетіміздің басты рәмізін сатып алып, әлдебір ұранды шарада жалаулатар. Шара біткен соң 421 дана ту аяқтың астында қалмасына кім кепіл?