Лагерь директоры балаларды соққыға жыққан

385

Маңғыстау облысынан шілде айында Көкшетау лагеріне барған 45 бала бірнеше күннен кейін үйлеріне қайтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


26 шілдеде Мұнайлы ауданынан Астанаға барған оқушылар тобын ата-аналары тамыз айының басында Маңғыстауға алып келген. 28 шілдеде түнде алдын ала келісім жасалған лагерь балаларды қабылдамаған. Балалардың бірінің анасы Маржансұлу Тайболатова арнайы барып, лагерьдегі келеңсіз жағдайға куә болған.


"28 шілдеде балалар Астанадан Көкшетау лагеріне барды. Алайда, сол түні олар қабылданбаған, С. Сейфуллин атындағы санаторийге орналастырылған. Жағдайға алаңдап, мен жолдама берген мекеменің кадрлар бөлімінен сұрадым. Олар түні бойы басқа лагерьмен қосымша келісімшарт жасаған. Кейінірек балаларды "Самұрық" лагеріне апарғаны белгілі болды", - дейді ата-ана Маржансұлу Тайболатова.


Оның айтуынша, лагерьдегі жағдай талапқа мүлдем сай емес.


"Балалардың айтуынша, тамақ жетіспеді, төсек өте лас болды. Оқушылар психикалық ауытқулары бар балалармен бірге демалған. Балалардан естігеннен кейін мен 31 шілдеде Астанаға бардым. "Қазақстан теміржолы" АҚ бізге арнайы машина берді және біз лагерьге бардық. Ондағы жағдайды көріп, мен бірден 45 баланы алып кеттім. Бізді 31 шілдеден бірінші тамызға дейін Астанаға жеткізді, ҚТЖ тарапы арнайы вагон бөлді. Осылайша, 3 тамызда мен балаларды Маңғыстауға апардым", - дейді Тайболатова.


Ата-аналарына шағымданған мектеп оқушылары фото, бейнежазбалар жіберіп, лагерь басшылығының өздерін ұрғанын айтқан.


"Лагерьдегі жағдай туралы айтқаннан кейін 4 баланы директор ұрған. Біз телеарнаның журналистерін оқиға орнына жіберуге мәжбүр болдық. Алайда, осы уақытта басшылық балаларды қыдыртуға алып кетіп, өзен жағасында бір сағат ұстаған. Сол кезде Жаңаөзеннен келген 4 бала жасырынып, лагерьде қалған. Олар телеарна журналистеріне барлық жағдайды айтып берген. Сол үшін лагерь директоры оларды ұрған", - дейді маңғыстаулық ата-ана.


Маржансұлу Тайболатованың айтуынша, былық бұнымен ғана бітпеген.


"Лагерьде арнайы бағдарлама мүлдем жоқ. Ғимараттың өзі талаптарға сәйкес келмейді. Бұл бұрынғы аурухана ғимараты. Лагерь дүкеніндегі баға сұмдық. Бір литр судың құны 1 мың теңге", - дейді Маржансұлу Тайболатова.


Жағдай осы оқиғадан кейін күрделене түскен. Тайболатова балаларды алып кеткен соң, жұмысында қысым көрген.


Оның айтуынша, басшылық оның мәселе көтергені үшін тіпті жұмыстан босатпақ болған. Осыған қарамастан, балалардың жағдайына алаңдаған ата-аналар лагерьге қатысты шаралар қабылдау қажет деп санайды. Ал балалар лагерьдегі жағдайдың нашар екенін айтып берген.


"Шағымданғанымыз үшін бізді басымыздан ұрды. Мұның бәрін директор жасады. Содан кейін біз ата-аналарға жүгіндік", - дейді балалардың бірі.


Балалар тобын құтқарған Маржансұлу Тайболатова жолдаманың толық құнының 15 пайызын төлегенін айтады.


Ал Маңғыстау облыстық білім басқармасының бұл жағдайға қатысты уәжі мынадай.


"28 шілде күні Көкшетау қаласында жазғы сауықтыру лагерінде болған оқиғаға байланысты білім басқармасы шұғыл шараларын қабылдап, оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетіне хабарлады. Анықталғаны - Көкшетау қаласындағы лагерге барған балалар "Қазақстан теміржолы" АҚ-ның қызметкерлерінің балалары, оларға лагерге жолдама ата-аналарының жұмыс орнынан берілген", - дейді білім басқармасы.


Өкінішке орай, балалар барған лагерде сол кезде бос орын болмай, қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, отбасыларына жеткізілді.


"Күні бүгінге дейін Маңғыстау облысының білім басқармасына ата-аналардың, "Қазақстан темір жолы" АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының тарапынан арыз-шағым түскен жоқ. Дегенмен, қызметкерлерінің балаларына демалыс ұйымдастыру шараларын ұйымдастырушы кәсіпорындар мен компаниялардың басшыларының бала қауіпсіздігіне, шаралардың сапалы ұйымдастырылуына жауапкершілікпен қарауын, бақылауды күшейтуін сұраймыз", - дейді ведомство.


Жағдай жасалмаған лагерьге балалар "Қазақстан темір жолы" АҚ арқылы барған.