Ойын алаңында 11 жастағы бала ауыр жарақат алды
Ақтөбеде ойын құрылғысынан құлаған бала ауыр жарақат алған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Сыртқа шығып тұрған темір жеткіншектің сан етін жұлып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, балалар алаңы сапасыз салынған. Аталған жайтқа қатысты әкімдік пікір білдірген.
11 жастағы Әмір әдеттегідей ойын алаңында асыр салып жүрген. Бір сәтте сүрініп кетіп, орындықтың астынан шығып тұрған үшкір темірге құлапты.
"Алғашқы хирургиялық өңдеу жасап балаға, тігіс салынып, сақтандыру түтікшелері салынған. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлыққа жақын. Бала емін алуда", - дейді Көпсалалы облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Әкімжан Әубәкіров.
Әмірдің әкесінің айтуынша, бұл балалар алаңы әу бастан сапасыз салынған. Кей жерлерде темірлер шығып тұрғанын олар бірнеше рет ескертіпті. Ойын алаңы 2024 жылы "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында салынған. Алайда экспертизадан өтпеген. Әкімдік нысанды өз балансына алмаған. Қазір бұл мәселе сотта қаралып жатыр.
Демонтаждан кейін қайта жобалық сметалық құжаттама дайындалып, жаңа ойын алаңы салынбақ. Оған дейін ешкім ештеңе істей алмайды. Ал ата-аналар "ертең тағы бір бала зардап шекпесіне кім кепіл?" деп алаңдап отыр.







