100 жас есім: Сексеуілдік теміржолшылар құрмет төрінде

126

Сексеуілдік теміржолшылар құрмет төрінде,- деп «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


100 жаңа есім. Бұл Қазақстан үшін бұрын-соңды көп таныла бермеген тұлғалар. Олар танымалдылыққа, мансап пен байлыққа ұмтылған жоқ. Олар өздерінің жан қалауын жасаған жандар. Жан қалауын жасай жүріп, үлкен белестерді бағындырды. Алдымен ең үлкен тосқауыл - өздерінің жігерсіздігін жеңді. Көп армандады және нақты мақсат қойып, оны жүзеге асыру үшін көп ізденді. Нәтижесінде бірі ғылымда,  медицинада, өнер мен спортта жетістікке жетті. Бірақ олар жүріп өткен жол қандай еді?  Маңдай тер, ұйқысыз түндер, қорқу мен қобалжу. Олар осы сезімдердің бәрінен өтіп шыңдалғандар. Олар бүгінгі күннің батырлары.  


Қазақстан теміржолшылары арасында «100 жас есім» жобасы дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келеді.  Жоба басталған шақта алғашқылардың бірі болып Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Еркебұлан Аяғанов «100 жас есім» атанған болса, 2022 жылы сексеуілдік үш бірдей теміржолшы осы атқа ие.


Қазыбек Әмірханұлы Садуақасов Сексеуіл кентінде өмірге келіп, осындағы №177-қазақ орта мектебінде білім алған. Теміржолшылардың мекенінде өмір кешкен соң оның да бала арманы теміржолшы болу еді. Осылайша ол 2007 жылы Актөбе көлік коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түседі.

– Оқу орнында оқып, мамандық ала жүріп әр түрлі спорттық шараларға қатысып, өзімді жақсы,оң қырынан көрсетуге тырыстым. Студенттік кездегі бар жастық мүмкіндігімді пайдаланып, болашақта жақсы маман болу үшін қажетті ілім-білімді алдым. 2011 жылы темір жол көлігіндегі тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару мамандығы бойынша бітіріп, диплом алдым,  – деді Қазыбек.

Қазыбек 2014 жылдан бастап өз мамандығы бойынша Сексеуіл-Қоскөл темір жол желісіндегі разъезд 16 станциясында бағыттамалы қосын кезекшісі қызметіне орналасады. Осында 2 жылдай жұмыс істеп,тәжірибе алып, 2016 жылы Сексеуіл станциясына пойыз құрастырушы қызметіне ауысады.

– Одан экспедитор болдым. Қазіргі танда техникалық кеңсе операторы- пойыз тізімдеуші қызметін атқарамын.Темір жолда қызмет ету халық қатынасын қамтамасыз ететін болғандықтан асқан жауапкершілікті талап етеді. Күн сайын қаншама жүк, жолаушылар пойыздарын күтіп алып, шығарып салып отырамыз. Бізге артылған жауапкершілік жүгі де жоғары. Сондықтан қателесуге болмайды, – дейді.

Қазыбек Әмірханұлы өзінің жұмысқа жауапты, ізденімпаз қасиетінің арқасында ұжымдастары арасында сыйлы, еңбегі елеулі бола білген жас теміржолшы. Осыған дейін де ол облыс, аудан, кент әкімдерінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал жуырда "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы АҚ-ның «100 жас есімі» атануының жөні тым бөлек.

– Темір жол саласы – жастардың біте қайнасқан ордасы. Мұнда қызмет жасайтын жастар өте көп. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы жас қызметкерлерінің білімін жетілдіру мен тәжірибе алмасуына қолдау көрсетіп келеді. Бұл менің ғана емес, жалпы ұжымның жетістігі деп ойлаймын. Өйткені үздік атану үшін атқарған жұмыстарың сараланады. Біз қызметті қалтқысыз атқарумен қатар қоғам өміріне де араласып, белсенділік танытып отырамыз. Соның нәтижесі болар үздік жас атанып отырғаным деп ойлаймын, – деді Қазыбек.

Отбасында жалғыз ұл болып өскен Қазыбек Әмірханұлы "Бір өкінішім, ата-анамның осы қызығымды көрмей, өмірден ерте кеткендігі" дейді. Дегенмен  жары Жұлдыз екеуі екі перзенттің ата-анасы атанып, үлгілі жас отбасы болып отыр.

«100 жас есім» атанғандардың бірі – Рустам Азишев. Ол 15 жылға жуық темірдей тәртіпті темір жол саласында еңбек етіп келеді. Ол 1988 жылы Сексеуіл кентінде өмірге келген. Осында білім алып, кейін Алматы қаласындағы теміржолшы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орнын бітірген. 2008 жылы Сексеуіл локомотив пайдалану депосында еңбек жолын бастады.

– Алғашында жол құрылыс дәнекерлеуші болып қызметке орналастым. Мұнан соң тепловоз машинисінің көмекшісі болдым. Ал қазір жетекші инженер-технолог қызметін атқарып келемін. Жалпы осы мамандыққа жүрек қалауыммен келген соң әр ісімнің берекелі, табысты болғанын қалаймын. Өзіме жүктелен жауапкершіліктен шыға білу керек деп санаймын,  – деді ол.

Рустамның марқұм  әкесі Қуандық та талай жыл темір жол саласында еңбек еткен еді. "Әке көрген оқ жонар" деген сөзді халқымыз бекер айтпаған ғой. Рустам да теміржолшы болуды алдына мақсат етіп қойып, сол салада табысты еңбек етуде.

– Темір жол саласы – еліміздің күретамыры. Халық қатынасыз қалтқысыз қамтамасыз етіп отырғандықтан мұндағы әр қызметкер өз жұмысын жетік меңгерген болуы тиіс. Менің де өзіме жүктелген жауапкершілім бар. Істейтін жұмысың мен өз міндетіңді білсең, қай салада болмасын табысқа жетесің, – дейді ол.

Ол жұмыстан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, кент ішіндегі халық жағдайына бей-жай қарамай, көмек қолын сөзып келеді. Елеулі еңбегі жоғары бағалауға да ие болып жүр. Аудан әкімі, кент әкімдерінің Алғыс хаттарымен, темір жол саласы басшылығының мадақтамаларымен марапатталған. "Ал «100 жас есім» атануым тіпті ерекше құрмет болды" деді.

Рустамның жолдасы Мадина да темір жол саласының қызметкері. Еңбек пен тағдыр табыстырған жандар еңбекте абыройлы болумен қатар, отбасында да бақытқа бөленіп отырған жан.

Сексеуіл кентінде туып, осындағы теміржолшы халықтың тұрмысына бала кезден қанық болып өскен жерлесіміз Махамбет Кенжеғараев те «100 жас есім» атағын еншіледі.

Махамбет Байғабылұлы 1990 жылы Сексеуіл кентінде өмірге келген.  Кенттегі №231 орта мектепті 2005 жылы үздік бітіріп, Ақтөбе темір жол колледжіне оқуға түседі. Оқуды 2009 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады.

– Ары карай ҚазККА-на түсіп, 2012 жылы бітіріп шықтым. Еңбек жолымды 2013 жылы Сексеуіл темір жол станциясында пойыз құрастырушыдан бастап, бекет кезекшісі, маневрлік диспетчер, станса бастығының шұғыл істер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. 2020 жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы" АҚ-ның пилоттық жобасы аясында «шақыртылған қызметкер» ретінде Ақтөбе өңірлік пойыздар қозғалысын басқару орталығына компания тарапынан шақырту алып, қызметімді ауыстырдым. Қазіргі таңда "пойыз диспетчері" болып қызмет жасаймын,  – деген Махамбет еңбектегі жетістіктері туралы айтып берді.

Ол "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының «100 жас есім»  жобасына Ақтөбе магистральды желі бөлімшесі атынан қатысып, аталған атақты иеленді.

«Қазақстаның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы (әрі қарай - Жоба) қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының аясында іске асырылатың ең танымды және беделді жобалардың бірі болып табылады. Ағымдағы жылдың қазан айында Жобаның үшінші кезеңі басталды.


 «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. 2019 жыл Тұңғыш Президент – Елбасы ұсынысымен Жастар жылы болып белгіленгенін ескере отырып, биылғы жылы 39 жасқа дейінгі жас қазақстандықтардың жетістіктерінің тарихын іздеуге және таңдауға ерекше назар бөлу жоспарлануда. Үміткерлер ruh.kz сайтында өтінім толтырып, және қалауы бойынша өз жетістіктері туралы бейнероликті жүктеп Жобаға қатыса алады. Өтінімдерді қабылдау 2019 жылғы 25 қыркүйектен 1 қарашаға дейін жүзеге асырылады. Аталған жоба "Рухани Жаңғыру" аясында іске асырылады.