Жауын-шашын салдарынан жүзден аса жылқы қырылды
Аймақта 14-15-ші сәуір күндері екпінді жел соғып, нөсер жауын жауған болатын, соның салдарынан жылқылар қырылып қалған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап. (Видео)
Маңғыстауда жаңбырдан кейін Ақшымырау ауылы маңындағы малды су ағызып әкетіп, сорға түсірген. Көптеген жылқы тұзды батпаққа батып өлді, тағы бір бөлігі әлі шыға алмай жатыр. Егер төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік көмек көрсетпесе, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін,- деді тұрғындар
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жүзден астам жылқы қырылған. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мал шығынының нақты санын анықтап жатыр. Өйткені шаруалар әлі толық есеп жүргізіп үлгермеген.
Жылқылардың қырылуына қолайсыз ауа райы - қатты жел мен нөсер жаңбыр себеп болған. Бағытынан жаңылған жануарлар батпақты, ылғалды жерге түсіп, қаза тапқан. Осы жағдайға байланысты облыста арнайы комиссия құрылып, шалғай ауыл-аймақтарда мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде оқиғаның салдарын жою үшін барлық күш құрылымдары жұмылдырылды. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметтері және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Суды сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Жағдай ерекше бақылауда. Мал иелерімен жұмыс жүргізіліп жатыр, заманауи мониторинг құралдары мен арнайы техника қолданылып жатыр, - деп хабарлады Маңғыстау ауданы әкімдігі.







