17 тонна саңырауқұлақ тиелген жүк көлігі аударылып қалған

1 505

Фото: Ақмола облыстық ПДАқмола облысында шамамен 17 тонна саңырауқұлақ тиеген жүк көлігі аударылып қалған,-  деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Жол-көлік оқиғасы 18-ші  маусымға қараған түні Астана – Атбасар – Жақсы тасжолының 327-шақырымында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz жүк көлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай қалып, салдарынан фура жол жиегіндегі кюветке түсіп, аударылған.

Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жеткен. Олар жүргізушінің медициналық көмекке мұқтаж еместігіне көз жеткізіп, апат болған аумақта жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

Жүргізушінің айтуынша, жүк Ресейден Қостанай арқылы Астанаға жеткізілген. Оның сөзінше, сапар барысында ол іс жүзінде демалмаған және рөлде отырып қалғып кеткен болуы мүмкін.

Апат кезінде кабинада жүргізушінің өзі ғана болған. Жүк көлігі қатты зақымданғанымен, ер адам зардап шеккен жоқ. Полицияның мәліметінше, ауыр салдардың алдын алуға қауіпсіздік белдігін таққаны себеп болған.

«Жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді полиция.