Танымал миллиардердің қызы мектепте мұғалім болып жұмыс істеген: Оны өлтіріп кетті
220
АҚШ-та мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп жүрген миллиардердің қызын өлтіріп кетті. 34 жастағы Элайза Флетчер өткен жұмада таңғы жүгіруге шыққан кезінде жоғалып кеткен, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Бейнебақылау камераларынан Флетчердің жанына бір ер адамның келгенін көруге болады. Ол әйелді күштеп көлігіне отырғызған. Ал дүйсенбі күні Флетчердің мәйіті екі пәтерлі бос тұрған үйдің артынан табылды.
Флетчердің артында екі кішкентай баласы қалды. Ол белгілі миллиардердің қызы болғанына қарамастан, мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Қарапайым өмір сүрген. Ол жоғалған кезде отбасы Флетчер жайлы ақпарат берген адамға 50 мың доллар көлемінде сыйақы беретінін хабарлады.
Ал сенбі күні полиция Флетчерді өлтірді деген күдікпен 38 жастағы Клеоту Абстонды ұстады. Оның ДНҚ-сы Флетчерді соңғы рет көрген жерден табылған аяқ киімнен табылды. Абстон адам ұрлағаны және өлтіргені үшін айыпталуда. Ол жуырда ғана түрмеден шыққандықтан, полиция оны жақсы білетін еді.
Элайза Флетчер өз ауданында танымал болды. Ол жұмыс істеген мектептің қызметкерлері Флетчерді "қоғамның жарық жұлдызы" атаған.
Элайза қарапайым өмір сүрген. Оның отбасына 5000 адамды жұмыспен қамтып отырған тұрмыстық тауарлар өндіретін Orgill компаниясы тиесілі.
Ал Флетчердің өлімі "Твиттерде" қызу талқыға түсті. Консервативті көзқарасты жақтаушылар Абстон сияқты қылмыскерлерге екінші мүмкіндік беруге болмайтынын айтса, ендігі топ Мемфистің қауіпті қала екенін, таңғы сағат 4-те көшеге шығудың қажеті жоқ екенін атап өткен.