ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР "АПАТТЫ" МЕКЕМЕНІ ПАНАЛАУДА

4 647

Қызылорда қаласында  көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасылар бұрынғы сот сараптамасы ғимаратын паналауда, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Қала орталығында қаңырап, бос тұрған нысандар жетерлік. Алайда сырт келбеті сыр бере бермейтін, адам шошырлық ғимараттардың бірінде 15 отбасы паналайды дегенге сенесіз бе? Әрине жоқ. Алайда бұл жергілікті әкімдіктің жағдайы төмен отбасыларға  берген  «уақытша баспанасы» десек ше?

Мемлекеттік мекеменің кәдеге жарамай қалған  ғимараттарын тұрғын-үй ету санаға сыйымсыз әрекет емес пе? Десек те жергілікті атқа мінер азаматтарымыз осы әрекетті жөн санап, қаңыраған қараусыз қалған ғимаратты осыдан 1 жыл бұрын «өздерің реттеңдер» деп кабинеттің кілтін ұстатып жіберіпті-мыс. 

Бүгінде көздері жәутеңдеген балалар да аз қамтылған жандар да осы ескі ғимараттың тұрғындары. Сонымен жылаған бала да тыныш, әкімдіктің күнделікті қағылатын есігі де тыныш. Алайда ғимараттың кәріз жүйесі де, жарығы мен жылуы да мардымсыз. Жуырда жантүршігерлік жағдай орын алып,  тұрғындардың үрейі ұшты. Желтоқсанда электр сымдарынан ахау орын алып, өрт шығып, мүмкіндігі шектеулі бойжеткеннің өліміне әкеп соққан. Әсіресе, балалар үшін қорқамыз себебі сасыған нәжістің иісі қолқаны алып, есіңді шығарардай. Тіпті балалар бірінен соң бірі ауырып, ауруханаға жүгінуде дейді тұрғындар. 

«Әкімдіктен үй сұрап барғанымда, осы жердің кілтін Абзал мырза берді «Уақытша тұратын баспана» деп. Жолдасым қайтыс болғанша пәтер жалдап тұрғанбыз. Қазір жалғыз өзім жәрдемақымен күнелтемін. Тұрақты жұмысым жоқ, себебі балаларды жалғыз қалдыруға қорқамын. Оның үстіне үстіміздегі қабаттан өрт шығып, адам өлімі орын алды. Әкімдікке барып алдына кірсем де мәселе шешілер емес. Өз кезегім келгенше уақытша баспана беруін сұраған едім.Алайда өтінішім қанағаттандырылусыз қалып жатыр. Әлеуметтік желіге жағдайды жазсам, бассалып нөкерлері үйімізге келеді. Жазбаңды құрт дегеннен басқа айтары жоқ»,- дейді Лаура Сәдібекова. 


«Ұнамаса пәтер жалдап кетіңдер» деп тоқ көрсетеді деген тұрғындар шарасыздан күн кешіп келеміз деп қысқа қайырды. Көпбалалы отбасылардың барар жер басар тауы қалмаған.


«Әкімдікке барып, жағдайымды айтып жүргенімде Титов қыстағынан есігі не терезесі жоқ сүрілуге ұсынылған үйдің кілтін берген. Қала әкімінің қабылдауына кіргеннен кейін маған осы мекеменің бір кабинетін берді. Өлместің күнін кешіп жүрміз. Жарық бірде бар, бірде жоқ. Көршіміздің үйі өртенгеннен кейін қорқып қалдым балаларым майда. Қазір жұмыссызбын»,- деді Ақерке Нұрбекова.



«2018 жылы үй кезегіне тіркелгенбіз. Тұратын жеріміз болмағандықтан  нарық заманда басында баспанасы болмай балалармен зар жүгіріп кеткен соң журналистке жүгініп, жағдай айтып, осы уақытша баспананы берген. Мемлекетіміздің болашағы балалар дейді, осындай жағдайда өсіп отырған балаларымыз еңсесі де, дәрежесіде төмен болады ғой. Ауыз су мен дәрет суы бір жерде орналасқан, кәріз жүйесі істен шығып кеткен. Өжіреде тышқан қаптап түн ұйқымыз төрт бөлініп отыр. Билік басындағы азаматтар басын бұрып, жағдайымызды ескеріп, көмек қолын созса екен дейміз.», -деді Гулжамиха Ералиева.


Ал, Қызылорда қаласының әкімдігіне қарасты “Қызылорда қалалық тұрғын-үй инспекциясының басшысы:

“Қазіргі таңда 15 отбасы мекен етеді. Аталмыш ғимарат тұрғын үй есебінде уақытша баспана ретінде берілуі үшін жөнделген. Орын алған келеңсіздіктерді жөндеу жұмыстары алдағы уақытта жүргізіледі. Керекті заттар алынуда. Кәріз жүйесі бойынша жөндеу жұмыстары да жасалады. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларды көшіру алдағы уақытта жүзеге асады.”, - деді Абзал Рысбекұлы


Әр елдің тұрғын үй қорын жаңарту¬дың өзіндік әдістері бар. Мәселен, Германия тұрғын үйді жаңарту ісінде нәтижелі жетістікке жеткен елдің бірі. Мұнда «Stadtumbau» 2002 жылы іске қосылған. Тұрғын үйді жаңартуға ар¬налған бағдарлама 2010 жылға дейін жалғасып, осы жылдар ішінде 2,5 млрд еуро инвестиция құйған. Бағдарлама ая¬сында елде 260 мың тұрғын үй сүрілген. Францияда 2009 жылдан бері ескі шағын аудандарды жаңартуға арналған ұлттық бағдарлама жүзеге асуда. Бағдарлама XVІ–XVІІІ ғасырларда салынған үйлерді жаңғыртуды мақсат еткен. Бағдарламаны жүзеге асыруға 380 млн еуро бөлінген. Ал Эстонияда «SmartEnCity» бағдарламасы арқылы «хрущевтік» үйлерді жаңғыртып, оның орнына энергия тиімді үйлерге алмастыру жұмысы нәтижелі жүзеге асуда. Мұнда бір үйді жаңғырту 1 млн еуро тұрады екен. Бағдарламанын еуроодақ қоры қаржыландыруда. Бағдар-лама үйлердің қас беті жаңартылып, күн панелі орналастырылып, терезелері ауыстырылып, желдеткіштері, жылу жүйе¬сін толығымен жаңарту жұмыстары жүргізіледі екен.

Қызылорда қаласындағы  апатты жағдайдағы үйлерді азайтып, ескірген үйлерді жаңғырту үшін дамыған елдердің жақсы ісін үлгі еткен артық болмас.

    Бұдан өзге де апатты үйлер туралы алдағы уақытта да зерделеп жазатын боламыз. Әрине мақсатымыз шу шығару емес, қайғылы жағдайдың алдын алу. Ал күндерін үреймен өткізіп жатқан тұрғындар жергілікті биліктен әлі де үмітті.