Көкшетауда есірткі сатқан көпбалалы әке 6 жылға сотталды
Көкшетау қаласында көпбалалы әке гашиш сатумен айналысқан. Сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy на сілтеме жасап.
Көкшетау қалалық соты ірі көлемде гашиш есірткі заттарын сатумен айналысқан Көкшетау қаласының 40 жастағы тұрғынына қатысты үкім шығарды. Есірткі сатушыға қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айыпталушының заңсыз әрекеті осы жылдың ақпан айында тоқтатылды. Көкшетау қаласының тұрғыны гашиштің есірткі екенін біле тұра, материалдық баю мақсатында, заңсыз сақтап, кейіннен өткізуге бағытталған қылмыстық ниеті болып, жалпы салмағы 9,46 грамм гашиш есірткі затының екі қағаз түйіншегін сатқан, бұл өз кезегінде үлкен өлшем болып саналады.
Бірнеше ай бойы қажетті тергеу іс-шаралары мен сараптамалар жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша Ақмола облысының тұрғыны есірткі қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жазалау шарасын тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар, атап айтқанда, бес жастағы баласының болуы және сотталушының шын жүректен өкінуі ескерілді. Осы жылдың маусым айында Көкшетау қалалық соты ер адамға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.