Адамды бірнеше секундта анықтайды: Қазақстанда саусақ ізі мен ДНҚ деректерінің ортақ жүйесі құрылады
Қазақстанда саусақ ізі мен ДНҚ деректерін біріктіретін жаңа бірыңғай биометриялық жүйе енгізу жоспарланып отыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігі биометриялық тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізу жобасын әзірледі. Тиісті құжат ресми порталға жарияланған. Ол арқылы адамды биометриялық белгілері арқылы бірнеше секунд ішінде анықтайды.
Жобаның негізіне АЖ "Биометриялық тұлғаны сәйкестендіру" ақпараттық жүйесі алынбақ. Мұнда бұрын бөлек жұмыс істеген екі дерекқор біріктіріледі. Қазақстан азаматтарының саусақ іздерінің ауқымды базасы жасалады. Оған ХҚКО-да жеке куәлік немесе паспорт рәсімдеу, не ауыстыру кезінде міндетті түрде саусақ ізін тапсыратын барлық азаматтардың деректері енгізіледі.
Сонымен қатар тек қылмыстық істерді тергеуге арналған ДНҚ деректерінің жеке базасы құрылады. Қарапайым азаматтар ДНҚ тапсырмайды. Бұл база тек қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан адамдардың, сондай-ақ жеке басы анықталмаған немесе із-түзсіз жоғалған тұлғалардың биологиялық үлгілері негізінде қалыптастырылады.
Реформаның негізгі мақсаты – барлық деректерді толықтай электронды форматқа көшіру және қағаз құжаттардан бас тарту. Ақпарат цифрлық жүйелерде сақталады. Бұл криминалистер мен жедел қызметкерлерге оқиға орнынан алынған айғақтарды тез арада тексеріп, саусақ ізі мен ДНҚ деректерін бір адамның цифрлық профиліне біріктіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өзгерістер қылмыстық-атқару жүйесіне де енгізіледі. Бірыңғай дерекқор толық электронды жүйеге айналып, тергеу изоляторларында отырған, колонияларда жазасын өтеп жатқан немесе пробация есебінде тұрған адамдардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға жағдай жасайды.







