"Алдап шақырып, ұрып-соғып, көлігін тартып алған": Бопсалаушылар тобы сотталды
Астананың үш тұрғыны адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылды. Оқиғаның мән-жайын елорда прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қылмыскерлер Telegram мессенджерінде қыздардың атынан жалған аккаунттар ашқан. Сол арқылы ер адамдарды кездесуге шақырып, кейін оларды күштеп қала сыртына алып кеткен. Жәбірленушілерді ұрып-соғып, олардың беделіне нұқсан келтіретін бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан.
Прокуратураның мәліметінше, қылмыскерлер үш жәбірленушіден бопсалау арқылы жалпы 2,2 млн теңге алған.
"Бір жәбірленушіні микрокредит рәсімдеуге мәжбүрлеп, екіншісінің автокөлігін иемденген", – деп хабарлады Астана прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді.
"Сот үкімімен үш сотталушы адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің залалды өтеу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды", – делінген прокуратура хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура қазақстандықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде танысқан кезде сақ болуға тағы да шақырды. Сондай-ақ ауырлататын мән-жайларда жасалған адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.
Қаз
Рус






