Мектеп директоры 28 мың теңгеден жинаған: Қызылордада бірыңғай мектеп формасының сапасы ата-аналардың ашуын тудырды
283
Қызылорда қаласына қарасты №138 мектептің ата-аналары жаңа оқу жылы қарсаңында тығырыққа тіреліп отыр. Мектеп директорының талабымен 28000 теңгеге бірыңғай формаға тапсырыс берген олар киімнің сапасына наразы. Сөздерінше, ақ көйлек өлшемі тым үлкен болса, түймелері бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Шалбары да киюге жарамсыз. Бұл жағдайға ашынған ата-ана шағымдарын әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“№138 мектепте “Абай” ауылы мектеп директорының қалауы бойынша 28000 теңге форма тігілмекші болған. Көпшілік аналар қарсы болса да, мектеп директоры сынып жетекшілерінен оқушыларының 100 пайызы киім алуын талап еткен. Қолдарыңызда 25 тамызда болады деген киім 30 тамызда бір-ақ келді. Қызығы, мектеп директорының дәл осы бірыңғай формаға қызығушылығы қатты болды. Егер директор бүкіл мектептің осындай форма кигенін қаласа, үсті ақ, асты қара принципін ұстануы қажет еді. Ол кісі ата-аналар түгел қолдамағанын сол кезде білді ғой. Себебі алынған киімдердің сапасы төмен, жыртық. Енді ертең сабақ, ата-аналар не істерін білмей отыр. Киім түгел келмеген, Түркиядан келген киімнің түрі мынау. Бағасы 28000 теңге, базардан бұл бағаға шертіп жүріп алуға болатын еді”, - деп жазды қызылордалық тұрғын kritikakyzylorda парақшасында.
Аталмыш жағдайға қатысты Қызылорда қалалық білім бөлімінің мамандары ресми жауап берген болатын.
«Бүгінгі таңда қаражат жинау тоқтатылды. Жиналған ақша кері қайтарылды. Оқушылар форма тіккен тігін шеберханасының формасын кимейді», - деп жауап берді бөлімнің баспасөз қызметі.
Енді ата-аналар жаңа оқу жылына бір күн уақыт қалған кезде базар аралап, балаларының киімін түгендеуге мәжбүр.
Бұл жағдай желі қолданушыларының да ашуын туғызды. Көпшілігі “мектеп директоры жеке пайдасы үшін бірыңғай форманы тіктіруі мүмкін” деген пікір қалдырды.