3 жастағы баланы өгей әкесі аяусыз соққыға жыққан

1 582

Фото: ашық дерек көзіҚарағандыда 3 жасар баланы өгей әкесі ұрып-соққан. Сәбидің денесінен көгерген іздер, сондай-ақ басынан ұйыған қан мен жарақат іздері анықталған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.


Жантүршігерлік оқиғаны Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған  сотының баспасөз қызметі мәлімдеді. Соттың мәліметінше, бала анасымен және оның серіктесімен бірге тұрған. Отбасында одан басқа екі үлкен бала мен 8 айлық сәби болған.

Баланың соққыға жығылғаны туралы хабарлама Киров полиция бөліміне өткен жылдың шілде айында түскен. Анасының жолдасы 3 жастағы баланың басынан күрекпен бірнеше рет ұрған. Мұны көрген көршілер жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем келген кезде баланың басы мен мұрнынан қан кеткен. Бұл кезде анасы мен оның серіктесі мас болған. Полицейлер оларды наркологиялық орталыққа жеткізді. Көршілері бұл отбасының ішімдік ішетінін, балалардың тұруына жағдай жасалмағанын айтты.


Дәрігерлер зардап шеккен баланы тексеріп, бас терісінде, бетінде, ішінде және аяқ-қолдарында көптеген жарақаттар барын анықтады. Сондай-ақ бала дұрыс тамақтанбаған және дамуы тежелген. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шегуші 3 жасар бала "Шапағат" балалар үйіне, ал үлкен балалары "Таңшолпан" отбасын қолдау орталығына жіберілді.


"Осыдан кейін анасы оларға бармаған, олардың тағдыры не болып жатқанына қызықпаған. Анасына қатысты Кодекстің 127-бабының 1-бөлігімен ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынды.Сот отырысында анасының немқұрайлы әрекеті нәтижесінде өгей әкенің қатыгездік көрсету фактісі дәлелденді. Сот анасының өмірі мен денсаулығына қауіп төнген балалардың құқықтарын қорғау шараларын қолданбағанын, сондай-ақ олардың толыққанды дамуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етпеген кінәсін анықтады. Осыған байланысты балалар балалар үйіне орналастырылды", - делінген хабарламада.


Өгей әкенің қатыгездік танытқанын біле тұра, жас баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін дер кезінде шара қолданбаған полиция қызметкерлеріне қатысты сот жеке ұйғарым шығарды. Соттың айтуынша, олардың профилактикалық жұмыстары формальды сипатта болған.