Айдостың алға басқан кәсібі
Өңірде кейінгі жылдары жас кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі − 24 жастағы кәсіпкер Айдос Амангелдиев, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған ол су-эмульсиялы бояу өндірісін қолға алды. Жаңа цехтың өндірістік қуаты жылына 5 мың тоннадан асады.
Онда құрылысқа қажетті су-эмульсиялы, лак-бояу өнімдері шығарылатын болады. Өндіріс технологиясын және зауыттың халықаралық сапа стандартын ескере отырып, қажетті шикізатты Алматыдан сатып алуда.
«Құрылыс» мамандығын бітірген жас кәсіпкер бұған дейін де түрлі кәсіппен айналысқан. Нарық сұранысын зерттей келе, құрылыс өнімдерін шығаруға бел буады. Себебі аймаққа қарапайым шегенің өзі сырттан тасымалданады. Осы олқылықтың орнын енді Айдос Амангелдиев толтырмақ.
Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс аясын кеңейтіп, бояудың бірнеше түрін өндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жұмысшы қатарын да көбейтпек.
Оның жоспары көп. Кәсібі бір ізге түссе, мұнымен тоқтап қалмай, соңғы үлгідегі бояулардың түр-түрін шығаруды қолға алмақ.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ